Елімізде жаңа өндіріс орындарын газға қосуда энергия тиімділігінің критерилері әзірленеді деп жазады Democrat.kz.
Премьер-министр Олжас Бектенов жаңа өндірістерді тауарлы газбен қамтамасыз ету тәсілдерін қайта қарау қажеттігін атап өтті. Ресурсқа қосылу кезінде жобалардың энергия тиімділігі мен олардың экономиканың технологиялық дамуына қосатын үлесі ескерілуі тиіс.
«Елімізде тұтынудың тұрақты өсуі жағдайында қолжетімді газ көлемі бірінші кезекте тұрғындардың қажеттіліктеріне және жоғары технологиялық өндірістердің дамуына бағытталуы тиіс. Энергетика министрлігі өңір әкімдіктерімен бірлесіп, тауарлы газға қосылғысы келетін жаңа өндіріс орындары үшін энергия тиімділігінің критерилерін бір ай ішінде әзірлеу қажет. Ресурс көлемін энергияны көп қажет ететін және тиімділігі төмен өндірістерге бөлу тәжірибесін тоқтату керек»,
— деп тапсырды Олжас Бектенов.
Жалпы бақылау және үйлестіру жұмыстары Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевқа жүктелді.