Еліміздің Оқу ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында педагогтарға арнап жазба жариялап, қуанышты ақпаратымен бөлісті деп жазады Democrat.kz.
"Құрметті достар!
Биылғы әдістемелік нұсқау хатты біз мүлде жаңа форматта әзірледік. Әсіресе бастауыш сыныптағы бағалауға байланысты өзгерістерді барынша нақты әрі түсінікті етуге тырыстық.
Ең қуантатыны – ұстаздардың тәжірибесімен бөлісіп, әріптестеріне егжей-тегжейлі түсіндіруі. Бұл – біздің білім саласында кәсіби педагогикалық қоғамдастықтың қалыптасып, күшейіп келе жатқанын айқындайды.
Әлеуметтік желіден әдістемелік нұсқау хаттағы бастауыштағы бағалау жүйесін өте сауатты, әдістемелік тұрғыдан терең түсіндіріп жүрген Ұстаздың видеосын бөлісіп жатырмын. Осындай кәсіби ұстанымы бар, жаңашылдықты түсініп қана қоймай, оны әріптестеріне жеткізіп жүрген ұстаздарымыз еңбегі ерекше қуантады.
Ұстаздарымыздың пікірлері мен ұсыныстары біз үшін өте өзекті. Себебі білім саласындағы кез келген өзгерістің басты бағалаушысы да, оны жүзеге асырушы да – ҰСТАЗДАР.
Осындай кәсіби белсенділіктеріңіз үшін ризашылығымды білдіремін", -деп жазды Жұлдыз Сүлейменова.