Руслан Берденовтің кетуіне қатысты жұрт білмейтін шындық қандай?

Руслан Берденовтің кетуіне қатысты жұрт білмейтін шындық қандай?
 
Руслан Берденовтің Шымкент әкімінің орынбасары қызметінен кетуі әкімдік дәлізінде әлдеқашан пісіп-жетілген шешім болатын, деп хабарлайды Ertenmedia.
 
Бұл ретте Ғабит Сыздықбековтің дауға қатысты ұстанған салқынқанды саясаты түптеп келгенде өз жемісін берді.
 
Сыздықбеков әуел бастан Берденов пен Жиембай арасындағы жанжалды әкімдік дәлізінен алыстатып, саяси сипат алуына жол бермей, тұрмыстық аяда шешілуіне жағдай жасады.
 
Әкімнің Жиембай басқарған компанияға аудит жүргізу туралы шешімі де кездейсоқ емес, алдын ала ойластырылған жүріс болатын. Әкімдік осы арқылы компанияны дау-дамай ошағына айналдырмауға бекініп, түрлі алып-қашпа әңгімеге жол бермей, істің құқықтық шеңберде шешілуіне мүдделі екендігін байқатты.
 
Бізге жеткен мәлімет бойынша Ғабит мырза аудиттің таза шығарына сенімді. Жиембай ісіне қатысты кез-келген арандатуға тойтарыс беруге дайын отыр.
 
Ал Берденовтің орнын босатуы кездейсоқ емес. Оның Сыздықбековпен бұдан әрі бір командада қалуы екіталай еді. Екі тарап арасында көзге көрінбейтін текетірестің бар екені бұрын да жиі айтылатын.
Берденов босатқан орынға әзірде ғана Арман Сәбитов жайғасты.
 
Соған қарағанда Сыздықбеков әкімдікке өзіне саяси тұрғыда адал, дау-жанжалдан бойын аулақ ұстайтын, прагматик тұлғаны тартуды көздеген тәрізді.
Қала басшысы ішкі тепе-теңдік пен әкімдік абыройын сақтап қалуға ерекше мән беріп отырғандай.
 
Мұның өзі Сыздықбековтің басқару стилін айқындай түседі: асығыстық жоқ, бірақ дер кезінде шешім қабылдауға дайын әрі батыл қадамнан тартынбайды.
Берденов? Бізге жеткен ақпарат бойынша оның енді мем.қызметке қайта оралуы неғайбыл. Оны ақтау мақсатында ұйымдастырылған PR компания да АП-ға аса ұнамаған.
Барлық жаңалықтар