Самал Зікірия: "Бүкіл өмірінің күл-паршасын шығарған еркектің ұрпағын аяғынан тік тұрғызатын АЯУЛЫ қазақтың әйелдері-ай!"

Самал Зікірия: "Бүкіл өмірінің күл-паршасын шығарған еркектің ұрпағын аяғынан тік тұрғызатын АЯУЛЫ қазақтың әйелдері-ай!"

Самал Зікірияқызы жуырда Астанада концерт берген Дженнифер Лопес жайлы сөз қозғаған қазақ жігіттерін сынға алды. Ол ішкіш, ұрғыш, мәдениетсіз, білімсіз жігіттерге қор болған, барлық ауыртпалықты көтерген қыз-келіншектердің бет-бейнесін ашып жазды, деп хабарлайды Democrat.kz Todayinfo ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Жазба авторын желі қолданушылары жақтап, түрлі пікірлер қалдырып жатыр.

Автордың жазбасы қаз қалпында:

Байға тиген күннің ертесі бүкіл бір әулеттің сүйкімді күңіне айналатын ҚАЙРАН қазақтың әйелдері-ай!

Еркектің бітпейтін қонағын күтіп, тау-тау ыдысын жуып, сиырын сауып, баласын тауып, “туып” дейін иә, туып, туып, туып… жамбасы кеңіп, сүйек майы құрғап, оның бәрін сорпылдатып емізіп, емшегі салбырап… ағайын-туыс, ауыл-аймақтағы тойға да, өлімге де аттай шапқылап, 50 кг ұнды төңкеріп қамыр илеп, бауырсақ пісіріп… Аптапта бұрыш-бұрышынан, тесік-тесігінен тер сауғалап; аязда галөшінен сыз өтіп, белі қайысып ошақтың басында тұратын ОЙЛЫ қазақтың әйелдері-ай!

Қырықтан кейін шаппай қалатын байына сабыр сақтап, ең қызған шағында өз жалынына өзі өртеніп іштен тынып; кезінде “ойхой дүниені” шырқап, елдуден кейін ындыны басылған байының жайын жасап, күтімелдейтін ТЫНДЫРЫМДЫ қазақтың әйелері-ай!

Ішкішке де, жүргішке де, жалқауға да, ұрғышқа да, соққышқа да, ауруға да, жындыға да, ынжыққа да тиіп алып, қор болып, жастық шағын жалмауызға жұттырып, әбден діңкелеп, қашып құтыла салмай әлгі опасыздың таптырғандарын сүйреп шығып, бағып, өсіріп, бүкіл өмірінің күл-паршасын шығарған еркектің ұрпағын аяғынан тік тұрғызатын АЯУЛЫ қазақтың әйелдері-ай!

Айына бет май жаға алса жағып, жаға алмаса жуа салып ұйықтайтын; Көйлек алайын десе “бар ғой, көйлектен үй саласың ба?” дейтін экономичный байға ештеңе түсіндіре алмай, үндемей құтылатын; Жылына бір саяхаттай алмай ғұмырының құмсағатын өзі үшін емес, бай, бала, ата, ене, қайынжұрт, өзге үшін сусытқан ҚЫМБАТТЫ қазақ әйелдері-ай!

Джей-Лоудың пошымын көріп, пысқырынып, жер тепкілеп, сасық ауызы көпірген сары тісті еркектеріңнен көңілдерің қалып, жүректерің жылап тұр ма? Егер Жөні-Пері қатындай күтінетін жағдайларың болса ғой, сөйтпес едіңдер, ЖАНДАРЫМ!

Еркек салатын үйді салысып, еркек алатын көлікті алысып, еркек төлейтін ипотеканы төлесіп, еркек жабатын кредитті жабысып, сілелерің қатып, шаршап-шалдығып әзер жүргенде, құдды, өзі бір BRАD PITT-тей-ақ қызара-бөртіп, шайға тоймайтын қарны қапақтай, беті табақтай байларың холостой осқырынды ма, ЕҢЛІКТЕРІМ?!

Бойы бір де жетпіске жете бермейтін, тапалдау, арығы, семізі, білгіші, жүргіші, ұрғышы, сөзшеңі, кедейі, өгейі… бәрі тегі желпініпті ғой, байларыңның. Күлкімді келтірмей, өздеріне қарасыншы. Жөні-Пері қызға қанша күйеуден қанша инвестиция құйылғанын оқысын да, қыл аяғы баласына алимент төлемей қашып жүрген МАЙМҰЛДАР!

Жөні-Пері қыздың бір кремін әпере алмайтынын біле ме екен сүйікті күйеулерің? Бір туфлиын, сумкасын, көйлегін, алқасын, турсиын… Сендердің де іштеріңде талай сұлтан бар емес пе – қолжетпес. Неге үнсіз мұңайып, басылып, қорланып, жабығып қалдыңдар?
Бәрің де көкіді екен, далаға қондырыңдар байларыңды. Қытайдың пакетіне екі нәски, бір торсиын салып, жөні-пері қыздың тілінде “bуе-bуе!” деңдер де, шығарып салыңдар, қайтер екен! Болмаса, миды ашытып әр жерге пост салып, пікір жазып, күлкіні келтірмей, ыржақтамай, қылжақтамай, есін жинасын да ЕРКЕКТЕРІҢ!

Төуф тегі, шіркіндер-ай, а!
Әйелдерін қырық мақал, мың мысал, миллион тиыммен ұстап, дінмен бағындыратын еркектердің арғы жағы, пиғылы белгілі боп қалған сияқты ма?!… Дағуаттары қайда қалды?

Сендер білесіңдер ме, кісілер, қазақ әйелдері екі-ақ формада болады:
1. Азапты өмірден азып-тозған–арықтар
2. Стресс, депрессияға тойған–семіздер. Уоооот!

ЕСТЕРІҢІЗГЕ: бұл пост анасын, жарын, қарындасын, қызын сыйлаған АЗАМАТТАРҒА; иба мен дәстүрді құрметтеген ЕРЛЕРГЕ арналмайды!
Бір терінің пұшпағымен иленіп кетсеңіздер, айып етпеңіздер!
Бұл, жыртың, қылтың, ыржақ, тыржақ, топас пікір мен посттар жазып жатқан еркексымақтарға қарата жазылған пост. КҮЛЛІ ҚАЗАҚ АНАЛАРЫНЫҢ НАМЫСЫН қорғаудағы ниет!

Қазақ әйелдерін, қазақтың анасын ешкіммен салыстыруға құқыларың жоқ!

Барлық жаңалықтар