Сараптама: Баланың шетелге діни білім алуға баруына заңмен тыйым салынбақ

Сараптама: Баланың шетелге діни білім алуға баруына заңмен тыйым салынбақ
Саясатанушы, журналист Асхат Қасенғали көрші елде болып жатқан ең маңызды жаңалық туралы бөлісіп, сараптама жасады деп жазады Democrat.kz.
 
"Қырғызстанда ызу-қызу талқы болып жатыр. Әңгіме балаларды шетелге діни білім алуға жібермеу туралы болуда. Яғни, 18 жасқа дейінгі балалар шетелге діни білім алу үшін бармау керек деген ұсыныс айтылуда. Жай ғана ұсыныс емес, кәдімгі заң.
 
Бұл өзгерісті енгізу үшін төрт бірдей заңға түзетулер енгізілуі тиіс екен.
 
Сарапшылар бұл заңды ұсынудың басты мақсаты балаларды жат ағым мен теріс бағыттан қорғау екенін айтуда. Соңғы жылдары Қырғызстандағы кәмелетке толмаған балалардың шетелге діни білім алуға кетуі жиілеген. Олардың кейбірі мемлекеттің ұстанымына қарсы позициядағы көзқараспен келеді дейді мамандар. Мысалы "зайырлы ел" болуды қолдамайтын позицияға ауыса бастайды.
 
Қазір Қырғызстан билігі балалардың шетелде діни білім алуын шектей алмайды. Ондай механизм қарастырылмаған. Енді жаңа заң енгізілсе, онда бұл мүмкін болмақ.
 
Жалпы балаларды діни оқу орталықтарына жіберу бойынша бірқатар ережелер бар. Мысалы арнайы тізімдегі оқу орындарына ғана бара алады, оқуға кетер алдында арнайы органнан рұқсат алу керек немесе тиісті ақпаратты мемлекеттік органдарға беруі тиіс дегендей.
 
Бірақ бұл ережелер көп жағдайда сақтала бермейді. Енді сол үшін заңды қатаңдату ұсынылуда. Ата-аналардың да заң алдындағы жауапкершілігі артады.
Бізде осындай заң бар ма, жоқ па? Жалпы Қырғызстан тарапы дұрыс мәселені көтеріп отыр.
 
Себебі бұл діни сенімді қыспаққа алу емес, бұл қауіпсіздік мәселесі. Діни білімді өз еліңде, өз жеріңде де алуға болады. Ал өзге елдің аумағында білім алған сәтте, мемлекет ол оқу орындарын тексере алмайды. Өйткені басқа елдің ішкі саясатына қол сұғуға ешкімнің құқығы жоқ. Сәйкесінше балалардың қандай бағыт бойынша ақпарат алғаны, қандай ағым өкілінен ақпарат алғаны, оның не айтып, не насихаттағаны, баланың қандай көзқарасқа ие болғаны, санасына не сіңіргені беймәлім болып қалады.
 
Қауіпсіздік мәселесі ғой. Бізде де бұрын шетелде діни білім алушылар көп еді. «Солардың кейбірі жат ағым, қате түсінік әкелді» деушілер де бар. Қазір өзімізде де діни білім беретін оқу орындары бар. Осылайша шетелден діни білім алатындар саны азайған сияқты"деп жазды Асхат Қасенғали. 
Барлық жаңалықтар