Абай мен Назарбаевты қанша рет жуса тазарады? Алдаркөсені ше?Интернеттен Алматы қаласында көше тазалаудың әкімдік бекіткен шартын тауып алдым.
Көшелерді қалалық, аудандық және жергілікті маңызы бар деп үшке бөліпті. Абай, Назарбаев, әл-Фараби... атындағы «қалалық маңызы бар» үлкен көшені тәулігіне 4 рет сыпырып-сиырып, 2 рет сумен мұнтаздай қылып жуады екен.
Әрине, бұл қағазда жазылған талап қой. Бұл талапты орындауды тазалықпен шұғылданатын кәсіпорындар жүзеге асырады. «4 рет сыпырып, екі рет жуғанға» тиісінше ақша бөлінеді.
Дегенмен, мен Алматының «қалалық маңызы бар» даңғылының бойында да, «жергілікті маңызы бар» көшесінің бойында да тұрдым. Көшені тәулігіне 4 рет сыпырып, 2 рет жуғанын өмірімде көрмеппін.
Биыл көктемде Медеу аудандық сотына апта аралатып үш-төрт мәрте бардым. Күн әжептеуір қызып қалған кез. Сот ғимаратының айналасы да, алдындағы «жергілікті маңызы бар» көше де былтыр күзде түскен жапыраққа толып тұтасып жатты, асты ылғал, үсті қызып, шіріндінің күлімсіген сасық иіс мүңкіп тұрды.
Менің соттағы ісім біткенше сол жапырақ тазаланбады. Ал әкімдік қағазына қарасам, көшені күн сайын жылан жалағандай тазартып қоятын секілді. Онда неге сыртқа бір шығып келген тұрғынның аяқ киіміне шаң тұтып қалады?!. Әлде бұл "Қағазстанның" белгісі ме?
Ораз ӘЛІМБЕК, журналист.
