Серік Әбікен: Білім де, ғылым да әлеуметтік желідегі "лайкқа" байланды

Серік Әбікен: Білім де, ғылым да әлеуметтік желідегі "лайкқа" байланды

Осы күнгі ең өзекті сұрақ: пәдпісшігі қанша екен? Қой болып маңырап, сиыр болып мөңіресең де пәдпісшік жина, сонда адамнан абыройың асады. Бүкіл есікті алдыңнан шалқасынан ашады. Мінез-құлық, болашақ желілік пайымға байланып қалды.

Тірнектеп терген ғалымнан ұрлай “емген” желілік зәлімнің бағы басым. Шолақ ойлы шорт кеспе тик-токшыға сүйініп, иманжүздіні инстаграмнан іздейтін күйге түстік. Парақшасы жоқ адам мен мекеме жолықса мәңгүрт көргендей шошынамыз.

Мұғалім біткен мектебін жарнамалаудың майданына араласып кеткен, білім ошағы абыройы “Colgate”, “Palmolive” деңгейіне түскен елдің баласы білімге қайдан жарысын, биыл да 50 мың бала 50 балдық межеден өте алмай құлап жатыр.

Одан аман өткен жастарға ертең өзі түскен оқу орнының абыройын “сүйреп” жүру міндеті жүктеліп, желіде “жорға” болған үлкендердің мұрагеріне айналады. Жүректердің қағысын жарнаманың жарысы басып кетті, лүпілді естімейтін болдық.

Желілік жад тым келте, бүгін айтқаның/істегенің ертең ұмытылады. Бұрынғылар ондай тез жұтылар, сөз бен істен береке кетірерді — пәтуасыз деуші еді… соған қарамастан елде “Мен кіммін?” деме, арың сатып пәдпісшік жинап ал да “Пірмін!” де! — деген ұран ұрып тұр.

Айғай-шу, гу-гу, жырқ-жырқ, жалт-жұлт… Танымалға да, таныМАЛға да жыпырлай жазылған жұрт. Екпін қалай түсерін ескермейді. Ұсаққа үйір болып кеттік, ірінің қадірін ұмыттық. Қиын…

Серік ӘБІКЕНҰЛЫ, журналист.

 

Барлық жаңалықтар