Серік Жұманғарин салық реформасының алғашқы нәтижелері туралы айтты

Серік Жұманғарин салық реформасының алғашқы нәтижелері туралы айтты

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин салық реформасының алғашқы нәтижелері туралы айтты деп жазады Democrat.kz. сайты  BAQ.KZ -ке сілтеме жасап. 

Серік Жұманғариннің Facebook желісіндегі жазбасына сүйенсек, реформаның негізгі нәтижелері ҚҚС төлеушілер санының өсуі, экономикалық белсенді қатысушылар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың артуы, сондай-ақ салықтық әкімшілендірудің жақсаруымен байланысты.

Салықтың көбеюіне жай ғана ақша жинау емес, экономикалық белсенділік пен салықты басқарудың жақсаруы себеп болды, - деп жазды ол.

Министрдің айтуынша, 2026 жылдың бірінші тоқсанында ШОБ-тан бюджетке түсетін түсімдер 20,3%-ға, электрондық шот-фактура жүйесі арқылы айналымдар 14%-ға артқан.

Ол Halyk Finance деректеріне де тоқталды. Зерттеуге сәйкес, 2026 жылдың 1-тоқсанында іскерлік белсенділік индексі 50,3 болған. ШОБ үшін индекс 50,4 деңгейінде қалыптасып, сегменттің тұрақтылығын көрсеткен. Ал ірі бизнес бойынша көрсеткіш 49,7 болып, іскерлік белсенділіктің төмендегенін байқатқан.

Жұмыспен қамту бойынша есепте жаңа қызметкерлер санының артқаны айтылған. ШОБ-та – 52,5. Бұл жұмыспен қамтудың сақталғанын және еңбек нарығында айтарлықтай өзгерістердің жоқ екенін көрсетеді, - деді Жұманғарин.

Сонымен қатар 1-тоқсанда сауда мен құрылыс салаларында төмендеу тіркелген. Вице-премьер мұны салық жүктемесімен емес, макроэкономикалық факторлармен байланыстырды.

Олардың баяулауы бірнеше фактордың жиынтығына байланысты, олардың ішінде салық жүктемесі шешуші емес. Негізгі әсерді макроэкономикалық жағдайлар береді, - деп жазды ол.

Жұманғариннің сөзінше, бұған тұтынушылық несиелеудің қатаңдатылуы, қарыз қаражатының жоғары құны және банктік қаржыландырудың шектеулі қолжетімділігі әсер етіп отыр.

Сондай-ақ ол жеке кәсіпкерлер санының азаюына қатысты түсініктеме берді. Салық органдарының деректеріне сәйкес, 2026 жылдың 1-тоқсанында 207 912 жеке кәсіпкер қызметін тоқтатқан. 2025 жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 82 874, 2024 жылы 125 093 болған.

Талдау көрсеткендей, 2026 жылы жабылғандардың негізгі бөлігі – табысы, қызметкерлері және нақты қызмет белгілері жоқ белсенді емес кәсіпорындар, - дейді министр.

Оның айтуынша, 2026 жылдың 1-тоқсанында жабылғандардың 39,2 мыңы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар режиміне өткен, 11,8 мыңы бір мезгілде басқа компаниялардың басшылары болған, ал 94,2 мыңында 2025 жылы табыс болмаған. Сонымен бірге 1-тоқсанда 99 мыңнан астам жаңа салық төлеуші тіркелген. Оның ішінде 88,7 мыңы – жеке кәсіпкер, 10,3 мыңы – заңды тұлға.

Бұл – бизнестегі құрылымдық өзгеріс: жұмыс істемейтін жеке кәсіпкерлер жабылып, бір бөлігі іріленіп заңды тұлғаға айналуда, ал енді бірі өзін-өзі жұмыспен қамтушы ретінде заңдасып жатыр, - деп жазды Серік Жұманғарин.

Барлық жаңалықтар