Қазақстанның халық әртісі Тамара Асар ұл тәрбиесінде кездескен қиындықтары, баласына ерте жастан артқан жауапкершілігі және оны жат ағымдардың ықпалынан қорғау үшін жасаған әрекеті туралы айтты деп жазады Democrat.kz.
Әнші бұл жайында «Хабар» телеарнасына берген сұхбатында баяндады.
Тамара Асардың айтуынша, бала тәрбиесінде бәрі үнемі ойдағыдай бола бермейді. Кейде ана мен баланың тіл табысуы қиындайды. Осындай сәтте баланы шектен тыс бақылаудан бұрын оған сенім білдіру маңызды.
«Барлығы оңай әрі керемет болды деп айта алмаймын. Кез келген ана күнделікті күйбең тірлікте ұлымен де, қызымен де тіл табыса алмай жататын кездер болады. Мұндай сәтте балаға сенім білдіру өте маңызды. Кейде бұл ауыр да болуы мүмкін: балаға ерте сенім артып, барлық жауапкершілікті ерте жүктеп қоясың. Бірақ сол арқылы оны дұрыс арнада ұстайсың. Мен де осындай тәсілді қолдандым. “Сен — менің тірегімсің” деген сияқты сөздер айттым», — деді әнші.
Өнер иесі ұлының тәрбиесіне өз әкесінің де елеулі ықпал еткенін атап өтті. Атасының қолдауымен Қамбар шахмат пен спортқа барған. Тамара Асар баласына отбасыдағы ер азаматтарды үлгі ретінде көрсеткенін айтады.
«Екіншіден, менің әкем үлкен көмек көрсетті. Әкемнің арқасында ұлым шахматқа, спортқа барды. Үлкен қолдаушысы болды. Сонымен қатар “ағам бар, інім бар” деген сияқты жан-жағындағы ер азаматтарды да балаға идеал ретінде көрсетіп отырдым», — деді ол.
Әнші ұлының өміріндегі күрделі кезеңде спорттың көмегіне жүгінген. Баласы теріс діни ағымдардың ықпалына түсіп кетпесін деп, Маңғыстаудағы белгілі бокс бапкері Марат Шәкеевтен көмек сұраған.
«Кейін спортта да қиын кезеңдер болды. Әртүрлі теріс ағым шығып, соларға тап болып жатты. Осындай сәтте Маңғыстаудағы белгілі бокс бапкері Марат Шәкеев ағамызға хабарластым. Ол кісіні бұрын жақын танымайтын едім, тек сыртынан еститінмін. Телефонын тауып алып: “Аға, осындай қарындасыңыз едім. Менің ұлым бар. Оның жат діннің ағымдарына түсіп кетпеуі үшін Астана қаласынан жақсы бапкер тауып беріңізші”, — деп өтіндім», — деді Тамара Асар.
Марат Шәкеев әншінің өтінішін қабыл алып, Астанадан тәжірибелі бапкер табуға көмектескен.
«Содан ол кісі маған жасы сексенге жақындаған, орыс ұлтынан шыққан өте жақсы бапкерді тапты. Ол кісінің маған тигізген пайдасы өте үлкен болды. Қамбарды тәрбиелеуде сол кісінің көмегі орасан зор еді. Сол үшін алғысым шексіз», — деді халық әртісі.
«Ұлға қаттымын»
Тамара Асар бала тәрбиесінде талапшыл болғанын жасырмады. Ол ұлына деген сүйіспеншілігін қамқорлығы арқылы білдіргенімен, оны шектен тыс еркелетпегенін айтты.
«Өкініш деген — қызық нәрсе... Ол бар сияқты болып көрінеді де, жоқ болып кетеді. Жалпы алғанда, күрделі өкінішім жоқ. Тек былтыр ана баланы жоғалтып алған кезде қатты өкіндім. “Аналық мейірімімді бере алмай қалдым-ау”, — деп өкіндім. Қатты еркелетпедім», — деді әнші.
Ол өзінің ұл тәрбиесінде мінезі қатты болғанын да мойындады.
«Жалпы, мен ұлды еркелетпейтінмін, мінезім қаттылау еді. Ұлға қаттымын, өз баламды еркелетпейтін адаммын. Жақсы көретінімді айтамын, қамқорлығымды жасаймын, бірақ “тө-тө-тө” деген еркелікті ешқашан жасап көрмеппін, әлі де жасамаймын. Соны менен көре алмады-ау деп өкіндім», — деді Тамара Асар.
«Мен дәрменсіздіктен қорқамын»
Сұхбат барысында халық әртісі адам өз күшімен өзгерте алмайтын жағдайлардан қорқатынын жеткізді. Оның сөзінше, материалдық көмек көрсетуге немесе жақыныңның жанынан табылуға болады. Бірақ адамның тағдырына толық ықпал ету мүмкін емес.
«Мен дәрменсіздіктен қорқамын. Дәрменсіздік деген — шарасыздық, қолыңнан ештеңе келмейтін сәт. Жер сілкініп жатса, не істей аласың? Менің, сенің әсерің жоқ нәрселер — дәрменсіздік, шарасыздық», — деді ол.
Әнші осындай ауыр сәттерде адамға сенім сүйеніш болады деп есептейді.
«Мысалы, жақының ауырып қалса, қымбат дәріні сатып алып берерсің. Бірақ оның сауығып кетуі не кетпеуі — сенің қолыңда емес. Ол — тағдырдан немесе Құдайдан. Мен тек осы шарасыздықтан қорқамын. Ал ондай кезде әйел адамда бір ғана қару қалады: ол — сенім, намаз, Құдайға сену, он сегіз мың ғаламға және өз жүрегіңе сену», — деді Тамара Асар.