Шенеуніктерді қолдауға бюджеттен 67 млрд теңге сұралды

Шенеуніктерді қолдауға бюджеттен 67 млрд теңге сұралды

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі шенеуніктерді қолдаудың жаңа шараларын іске асыру үшін шамамен 67 миллиард теңге қажет болатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Democrat.kz.сайты BES.media-ға сілтеме жасап.

Мәжілістің жалпы отырысында мемлекеттік қызмет туралы заң жобасы талқыланды. Депутат Татьяна Савельева саладағы кадр тапшылығы мәселесін көтеріп, 2025 жылдың басындағы жағдай бойынша 91 мыңнан астам штаттық орынның 7 мыңға жуығы бос тұрғанын жеткізді.

Сауалнамаға қатысқандардың 64 пайызы қызметкерлердің жетіспеушілігі жалақының төмендігімен, жұмыс жүктемесінің ауырлығымен және мансаптық өсудің шектеулігімен байланысты екенін көрсеткен.

Мәселені шешу үшін заң жобасында қызметкерлерді көлденеңінен өсіру, ротация кезіндегі өтемақы, демалыс күндеріндегі жұмысқа ақы төлеу және жалақыны индекстеу қарастырылған. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаевтың айтуынша, 2026 жылы тек өңірлерге көшу мен зейнетке шығуға байланысты әлеуметтік төлемдер ғана беріледі. Бұл шығындар бос жұмыс орындарынан үнемделген қаржы есебінен өтеледі. Ал жалақыны индекстеу мен басқа да ірі қаржылық қолдаулар бюджетке күш түсірмеу үшін 2029 жылдан бастап кезең-кезеңімен енгізілмек.

«Үшжылдық бюджетте бұл қаражат қарастырылмаған, бірақ заң қабылданғаннан кейін біз алдағы бағыттарды жоспарлаймыз. Бұл қызметкерлердің көлденең өсуіне, жалақыны индекстеуге және қазір жұмыс істеп тұрған функционалдық блоктарды жоюға қатысты. 2029 жылы шамамен 67 миллиард теңге қажет болады», – деді агенттік басшысы.

Жиын барысында депутат Қарақат Әбден шенеуніктердің жалақысы инфляция деңгейіне ілесе алмай жатқанын алға тартты. Осының салдарынан білікті мамандар мемлекеттік қызметтен кетіп, жеке секторды таңдауға мәжбүр. Өз кезегінде Дархан Жазықбаев азаматтардың бағалауы мемлекеттік органдардың тиімділік көрсеткіштерінің біріне айналатынын және ол қызметкерлерді материалдық тұрғыдан ынталандыру кезінде ескерілетінін айтты.

 

Барлық жаңалықтар