Әлеуметтік желіде Арман Рахмет шетелге кеткен отандастарымыз бен елдегі әлеуметтік жағдайды салыстырып жазба жариялады деп жазады Democrat.kz.
"Кеше бір танысыммен сөйлескем, елдегі жағдайға көңілі толмауына байланысты шетелге көшіп кеткісі келетінін айтты, өзі мұнай саласының өте мықты деңгейдегі маманы, яғни табысы жақсы деген сөз ғой.
Әрине әркімнің өз еркі ғой, адамдардың елден елге қоныс аударуы қалыпты жағдай, онда тұрған ештеңе жоқ. Жалпы өзі тек бір рет қана өмір сүреміз, барынша қартайғанда өкінбейтіндей сүруіміз керек шығар. Дегенмен жаңағы бауырыма мынадай нәрселерді айттым.
Мысалы мен біраздан бері шетелде жасап жатырмын ғой, әртүрлі елдерден келген жұмыстастармен жақын сөйлесеміз, ақылдасамыз. Сонда түсінгенім, бізге көп ақпараттар жете бермейді, жетсе әдейі өзгертіліп жетеді, сосын оны блогерлер подписчик жинау үшін одан сайын бұрмалайды.
Шындығында қазір әлемнің қай елі болмасын жағдай өте ауыр. АҚШ болсын, Канада болсын, Германия болсын қарапайым адамдардың өмірі жалақыдан жалақыға дейінгі күнкөріс.
Әңгіме жоқ орташа жалақылары бізден көп, бірақ төлейтін шығындары да бізден бәлен есе көп. Германияда тұратын жұмыстасым су свет газға мың доллардың шамасында төлейді.
Медицина тегін, бірақ ай сайын 300 мың сақтандыру төлесең ғана, сонда айналып келгенде тегін емес болып шығады. Блогерлар ойбай немістерде медицина тегін дейді, бірақ ол үшін страховка төлеу керек екенін айтпайды.
Америкада дәрігерге 6 ай бұрын жазылу керек екені де айтылмайды. Австралиялық бұрынғы бастығым вахтыға келген сайын елімде бәрі өте қымбат деп бас шайқап отыратын еді.
Өзім екі жыл Түркиеде тұрдым, сол аралықта көз алдымда тамақ 10 есе қымбаттады, ол жақтың халқы тіпті бір баладан артық тууды қойды қазір, бірақ бізде бұл айтыла ма? Жоқ әрине. Бізде Құдайға шүкір әзірше пытырлатып туып жатырмыз.
Өз басыма салыстырмалы түрде дәл қазір тұруға Қазақстаннан артық қолайлы ел жоқ. Шама келсе бір-екі жыл жер көріп басқа елдерде уақытша тұрып көргім келеді, бірақ бәрібір отанға жететін ештеңе жоқ.
Тағы бір мысал, өзім танитын бай тұратын адамдардың 99% Қазақстанда тұрады, көшіп кетейін десе жағдайлары бар ғой.
Дубайда Лондонда америкада тұратын байлар да жетеді, бірақ пайыздық тұрғыда әрине елде тұрып жатқан байлардан көп аз. Бұл да өз еліңе ештеңе жетпейтінін білдіреді.
Мен әрине шетелге барып қатты еңбек етіп күшті тұрып жатқан қазақтар жоқ деп тұрған жоқпын, бар ғой, бірақ уақытша тұру бір бөлек, ал бұратала қалып қою басқа әңгіме. Негізі бір нәрсе анық, бөтен елге өз еліңдей сіңісіп кету өөте қиын нәрсе.