Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңесте елдегі заң мен жауапкершілік туралы айтты деп жазады Democrat.kz.
«Заң мен тәртіпті құрметтеу - жазадан қорқу емес, ең алдымен, жауапкершілік сезімі жоғары азаматтарға тән ерекше қасиет. Мұны дұрыс түсіну керек. Ғаламшардағы әскери қақтығыстардың осынау қиын кезеңінде елімізге бейбітшілік пен тұрақтылық өте қажет. Онсыз ешқандай реформалар немесе жалпы оң өзгерістер болмайды. Сондықтан құқық қорғау органдары бұзушылықтар үшін қатаң шаралар мен жазалар қолдануы керек», – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы сонымен қатар Қазақстанды «Штрафстан» не «Айыппұлстан» деп атайтындарға өз пікірін білдіріп:
«Елімізді ұнатпайтын және менсінбейтін кейбір адамдар, өкінішке қарай, олардың арасында Парламент депутаттары бар. Олар біздің заңды әрекеттерімізді «Штрафстан» немесе «Айыппұлстан» деп атайды. Мейлі, өздерінің ойларының таяздығын көрсете берсін. Халқымызға қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік қажет. Сондықтан біз бұл жолдан таймаймыз және «Заң мен тәртіп» саясатын табанды түрде жүргіземіз. Бұл – азаматтарымыздың талабы. Бұл мәселеге тұтастай алғанда қоғам да, әкімдер де барынша назар аударуы керек», – деді ол.