Арыс қаласынан Шымкентке мектеп киімдерін сатып алуға барған бір отбасының сапары қайғылы жағдаймен аяқталды. Шымкент – Бадам автожолында болған жол-көлік апатынан 44 жастағы әйел, оның 17 жастағы қызы және 11 жастағы жиені қаза тапты. Олардың туыстары қатар келе жатқан және апаттың салдарын өз көздерімен көрген, деп жазады Democrat.kz. Сайты Kazinform.kz.-ке сілтеме жасап.
Отбасы балаларына жеңілдікпен сатылып жатқан киімдер мен жаңа оқу жылына қажетті басқа да заттарды сатып алу үшін Арыстан Шымкентке жолға шыққан. Олармен бірге басқа көлікпен туыстары да келе жатқан.
Жақындарының айтуынша, қаза тапқан 11 жастағы Айдостың анасы бастапқыда сол көлікте отырған. Жолда қызы жылай бастағандықтан, әйел күйеуінің көлігіне ауысып мінген де, ұлын Chevrolet Cobalt көлігінде күйеуінің әпкесімен бірге қалдырған. Сапарға Астанадан келген туыстары да бірге шыққан. Жол апаты олардың көз алдында болған.
Қаза тапқан баланың әкесі Ерғали Әзілбайдың айтуынша, HOWO жүк көлігімен соқтығысқан кезде соққының қатты болғаны сонша, жеңіл автокөлік қатты деформацияланған. Қаза тапқандардың денесін алып шығу үшін құтқарушыларға көліктің қаңқасын кесуге тура келген.
– Мен кері бұрылып, апат болған жерге бардым. Жеткенімде барлығы қаза тауыпты, ешкім тіршілік белгісін білдірмеді. HOWO иелері келіп, көлікте бейнетіркегіш бар екенін және болған жағдайды жазбадан көруге болатынын айтты, – деді Ерғали Әзілбай.
Отбасы қаза тапқандарды ақтық сапарға шығарып салды. Адам өліміне әкелген соқтығысқа нақты не себеп болғанын тергеу анықтайды.
Полиция жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады.
– 9 тамызда Шымкент – Бадам автожолында болған жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады, – деп хабарлады Шымкент қаласының Полиция департаменті.