Шымкент тұрғыны тікелей эфирде айтқан сөзі үшін сотталып кетті

Шымкент тұрғыны тікелей эфирде айтқан сөзі үшін сотталып кетті

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында ұлттық алауыздықты қоздырды деп айыпталған ер адамға қатысты үкім шықты.

«Д. Қазақстан қылмыстық кодексінің 174-бабының 1-бөлігі (ұлттық алауыздықты қоздыруға және насихаттауға бағытталған қасақана әрекеттерді жасау) бойынша айыпталды», - деп жазылған сот хабарламасында.

Сот  Д. 2025 жылдың сәуір айында өзінің үйінде онлайн-платформаны пайдалана отырып, «Ч...» әлеуметтік желісінде «стрим» тікелей эфиріне қатысып, ұлттық алауыздықты қоздыруға және насихаттауға бағытталған қасақана әрекеттер жасаған.

Сотталушының кінәсі іс бойынша жинақталған дәлелдемелердің жиынтығымен толық дәлелденді.

Прокурор сотталушы Д.-ға бас бостандығынан айыру жазасын кесуді сұрады.

Д. кінәсін мойындап, өзіне бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза кесуді сұрады.

Сот Д.-ның жасаған іс-әрекетіне өкініш білдіруін қылмыстық жауапкершілікті жеңілдететін мән-жай ретінде қарастырды, ал ауырлататын мән-жайлар анықталмады.

«Сот Д.-ны ҚК-нің 174-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танып, оған 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын кесті», - делінген хабарламада.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Барлық жаңалықтар