Шымкентте үш түрлі пәтерден төрт кісінің мәйіті табылды

Шымкентте үш түрлі пәтерден төрт кісінің мәйіті табылды

Шымкент қаласында бір көпқабатты үйдің подъезіндегі үш түрлі пәтерден төрт адамның мәйіті табылды. Алдын ала болжам бойынша, қайғылы жағдайға газдан улану себеп болуы мүмкін, деп жазады Democrat.kz. сайты КТК телеарнасына сілтеме жасап. 

Оқиға 3 наурыз күні күндіз Шымкенттің Тұран ауданындағы Студенттік қалашық шағынауданында болған.

Алдын ала мәліметтерге қарағанда, бір подъездегі үш пәтерден төрт адамның жансыз денесі анықталған. Көршілердің айтуынша, бірнеше күн бойы үй ішінде газдың өткір иісі сезілгенімен, оған дер кезінде назар аударылмаған.

Тұрғындардың сөзінше, бір пәтерден 31 жастағы әйел мен 16 жастағы жасөспірім қыздың мәйіті табылған. Екінші қабаттағы тағы бір пәтерден 23 жастағы жігіттің денесі анықталған. Ал үшінші қабаттағы жалдамалы пәтерде тұрған 20 жастағы студент қыз жуынатын бөлмеден өлі күйінде табылған.

Подъезд тұрғындарының бірі Ислам Файзуллаевтың айтуынша, ең алдымен студент қыздың денесі табылған.

“Шамамен сағат 12:00-де пәтер иесі келген кезде жуынатын бөлменің есігі ішінен құлыптаулы болған.

Есікті ашқанда, квартирант қыздың жуыну кезінде көз жұмғаны белгілі болды. Осыдан кейін учаскелік полиция шақырылып, тұрғындарды эвакуациялай бастады.

Құтқарушылар басқа пәтерлердің есіктерін ашқанда тағы да мәйіттер табылды”,-деді ол.

Қазіргі уақытта полиция адам өліміне әкеліп соққан қызмет көрсету фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Ал газ қызметі әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.

Барлық жаңалықтар