Шымкенттегі қыз алып қашу оқиғасына қатысты тың дерек шықты

Шымкенттегі қыз алып қашу оқиғасына қатысты тың дерек шықты

Шымкентте қыз алып қашып, қазір қамауда отырған жігіттің анасы өзі білетін шындықты  айтып, қоғамға үндеу жасады деп жазады Democrat.kz.

 Қоғамда үлкен резонанс тудырған іске байланысты Todayinfo.kz редакциясына қамауда отырған жігіттің анасы хабарласып, өз нұсқасын ұсынды.

Әлеуметтік желілерде Түркістан облысы, Сарыағаш ауданына қарасты Дербісек ауылында болған қыз алып қашу оқиғасы қызу талқыланған еді. Желіде тараған ақпаратта қыздың күштеп әкетіліп, зорлық көргені айтылған. Алайда жігіттің анасы бұл деректерді жоққа шығарып отыр.

Оның айтуынша, жастар бір-бірімен алдын ала кездесіп жүрген және қыз ауылға өз еркімен келген.

«Қыз үлкен әжесі мен әкесінің келісімімен келді. Біз қалыңмал ретінде 1,5 миллион теңге бердік. Артынан қыздың киім-кешегі де жеткізілді. Ешқандай шу, күш қолдану болған жоқ», – дейді күдіктінің анасы.

Сонымен қатар ол қыздың анасының да қамауға алынғанын айтып, бұл жағдайдың артында материалдық мүдде болуы мүмкін деген күдігін жеткізді.

Еске салайық, бұған дейін 17 жастағы Шымкент тұрғыны өзін белгісіз жігіттің күштеп алып кетіп, Сарыағаш ауданындағы ауылға апарғанын және зорлық көрсеткенін мәлімдеген болатын. Аталған факті бойынша күдікті ұсталып, ҚР Қылмыстық кодексінің 125-1-бабы («Некеге мәжбүрлеу») бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жалғасып жатыр. Құзырлы органдар тарапынан оқиғаға құқықтық баға берілуі тиіс.

 

Барлық жаңалықтар