Қазақстанда біраз уақыттан бері мұғалімдердің ҚМЖ жазуына қатысты қызу талқы жүріп жатыр. Белсенді ұстаз, білікті мұғалім Айман Сағидулла осы мәселеге қатысты өзекті мәселелерді айтып, тағы да Оқу ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға сұрау салды деп жазады Democrat.kz.
"Педагогтің негізгі міндеті оқушыны оқыту.
Түні бойы ұйқысыз ҚМЖ жазу емес. Әдістемелік құрал жазу емес. Жұлдыз Досбергенқызы Сүлейменова ханым!
Әдістемелік құрал мен авторлық бағдарламаның қандай айырмашылығы бар?
Екеуі бір ғой.
Авторлық бағдарламаның тонын шешіп, пальто кигізген. Бары сол ғана.
Екі жыл жұмыс істеген мұғалім модераторға өте алады.
Екі жыл жұмыс істеген мұғалім әдістемелік құрал жаза ала ма сонда?
Модераторға әдістемелік құрал жазуды міндеттеу қай данышпанның ойы?
Сарапшыда да дәл осы әдістемелік құрал жазу бар.
Вице министр Шынар ханым сабақ өткенін ҚМЖ жазғанын айтты.
Шынар ханым баяғыдағы мұғалім болғанын, тас ғасырындағы қмж жазғанын айта бермесінші.
Неге Шынар ханым ҚМЖ жазды екен деп бүкіл мұғалім ҚМЖ жазуы керек?
Ол заманда интерактивті тақта болды ма? Слайд, интерактивті ойын, жасанды интелект болды ма?
Қазіргі ҚМЖ бұрынғы сабақ жоспарымен бірдей емес. Қазір 6-8 бет жазу керек. Бұрынғылар дәптерге 1 бет қана жазды. Айырмашылығы бар ғой.
Жаңаруға ұмтылуға болмай ма министрліктегілерге?
Жаңаша ойласыншы кішкене . Қмж қажет пе, қажет емес пе? Оны түсіну үшін көп логиканың да қажеті жоқ.
Қарапайым мектепте оқитын баланың логикасындай логика болса болды.
ҚМЖ деген не?
Ол мұғалімнің уақытын жеу.
Айттым ғой, ақыры ҚМЖ жазбаса болмайды екен , ендеше ақша төлесін!
Мұғалім сабақ өткен 45 минутына ғана жалақы алады . Сондықтан мұғалімнің міндеті сабақ өту ғана.
Жұлдыз ханым!
Сіз бізді кемшіліктерді айту үшін қостыңыз топқа. Бірақ министрліктің кей өкілдері мүмкіндік бермей жатыр.
Біз айтқан мәселенің бәрі қате.
Ендеше неге уақытымызды алып бұйрық талқылатып қойыпты?
Жұлдыз ханым!
Менің әр жазбамдағы пікірлерді оқып көріңізші. Мыңдаған мұғалімдер ҚМЖ қажет емес екенін айтып отыр. Тик-ток, инстаграм, фейзбук. Үш желіде де сол пікір.
Мен 14 жылдан соң зейнетке шығамын. Маған ҚМЖ енді қиын емес. Болашақ мұғалімдер зардап шекпеуі керек. ҚМЖ уақыты бітті. Оған жабыса бермей, алып тастайық.
Әдістемелік құралды Алтынсарин академиясы жазсын! Әдістемелік қолдау көрсету солардың міндеті ғой. Өз міндеттерін мұғалімдерге жүктемей.
Әдістемелік құралдар бәрі бір сатылымда. Шындыққа көзді ашып қарау керек қой. Өз өтіріктеріне өздері сенбей.
Білім саласы тек өтіріктен құрылған.
Өтірік есеп, өтірік БЖБ, өтірік ҚМЖ, сатылып алынған авторлық бағдарлама мен әдістемелік құрал. Бәрі өтірік. Сондықтан сапа жоқ. Балалардың болашағын ойлайықшы кішкене.
Мұғалім ештеңеге алаңдамай сабақ өткенде ғана дұрыс сапа бере алады.
Бағдарламаны дұрыстау керек. Мұғалімге дұрыс сабақ өтуіне еркіндік беру керек. Еркін мұғалім ғана еркін бала тәрбиелей алады", деді Айман Сағидулла.