Саясаттанушы Ғазиз Әбішев ресейлік пропағандист Соловьевтің Орта Азияға қатысты даулы мәлімдемесін сараптап берді, деп жазады Democrat.kz. сайты Ertenmedia.kz.-ке сілтеме жасап.
Айтуынша, Соловьев шын мәнінде халықаралық құқықты елемеуге ашық шақырып отыр. Сарапшы оның әрекетін бірнеше тұрғыдан түсіндірген екен.
Біріншіден, Соловьевтің сөзі АҚШ-тың Каракастағы әрекетіне Кремльдің жанама жауабы болуы мүмкін («оларға рұқсат болса, біз неге шет қаламыз?»).
Екіншіден, Орта Азия мен Қапқаз елдеріне ескерту сипаты бар («асыра сілтемеңдер, әйтпесе қылышымызды қынаптан суырамыз»).
Үшіншіден, көптен бері көзге түспеген пропаганистің жеке пиары болуы да ғажап емес («жылы студияда отырып, батыр болған түрім осы»).
«Тіпті, үшеуі де қатар келуі ғажап емес», — дейді Әбішев. Саясаттанушының пікірінше мұндай арсыз мәлімдеме одақтас елдердің арасындағы сенімге селкеу түсіріп, Мәскеудің сүйкімін одан сайын кетіре түседі. Володя осы арқылы түнеукүнгі Тоқаев пен Путиннің арасындағы уағдаластықты еш кетірген.
«Мемлекет өзінің геосаяси мүддесін ашық білдірсе ол қалыпты жағдай. Ал өз халқын іргедегі көршілерімен әскери қақтығысқа дайындап, агрессияға шақыру мүлде бөлек әңгіме», – дейді Әбішев.
Сарапшының пікірінше, Соловьев секілді сарай бұлбұлдарының қауіпті мәлімдемесі аймақ елдері тарапынан жауапсыз қалмайды. Ақорда Қытай мен Түркияға толық бұрылып, Кремльмен арадағы байланысты бырт-бырт үзе бастайды. Бұл үрдіс қазірдің өзінде қарқынды жүріп жатыр.
Орыс пен қазақты бір-біріне айдап салып отырған Соловьев секілділер шын мәнінде Ресейге қарсы жұмыс істеп жатқанын өздері де сезбейді.
Еске сала кетсек, күні кеше Соловьев Ресейдің «әскери операциясын» тек Украинаға емес, іргедегі елдерге де бағыттауына болады деп, Орта Азияны «Мәскеудің артқы ауласына» теңеген еді. Бұған дейін Тоқаев Путиннің алдына бара беретін экс-елбасы туралы пікір білдірген болатын.