"Сотталып кетуі мүмкін": Актер Нұрсұлтан Жақсыгеннің адвокаты үндеу жасады

"Сотталып кетуі мүмкін": Актер Нұрсұлтан Жақсыгеннің адвокаты үндеу жасады

Танымал блогер, актер Нұрсұлтан Жақсыгеннің адвокаты әлеуметтік желідегі парақшасында маңызды мәлімдеме жасады деп жазады Democrat.kz.

"Әрбір адамның кінәсі сотта дәлелденуі тиіс. Дәлелсіз ешкімді қаралауға болмайды.

Нұрсұлтанның тікелей эфирде айтқан сөзі мен «боди массаж» туралы жазылған пікірді бір-бірімен шатастыруға болмайды. Тікелей эфирде өз аузымен әйелі туралы айтқан сөздері заң тұрғысынан мүлде басқа бап бойынша саралануы мүмкін.

Ал қылмыстық іс нақты «боди массаж» туралы жазылған пікірге байланысты қозғалып отыр. Сондықтан ең алдымен сол пікірді жазған адамның кім екенін анықтау қажет. Егер оны Нұрсұлтан жазғаны дәлелденсе, заң аясында тиісті жазасын алады. Ал пікірді басқа тұлға жазғаны анықталса, Нұрсұлтан Жақсыгеннің кінәсі дәлелденбеген болып саналып, ол жауапкершіліктен босатылуы тиіс.

Егер «боди» мәселесіне қатысты сотта тиісті сараптама тағайындалмай, оның авторы нақты анықталмастан Нұрсұлтан сотталып кететін болса, бұл өте қауіпті жағдайға алып келуі мүмкін. Себебі алдағы уақытта кез келген адам өз атына ашылған жалған парақшаның немесе бөтен адамның жазған пікірінің кесірінен жауапқа тартылып, сотталып кетуі ықтимал.

Пікірлердің барлығы біздің бақылауымызда. Нұрсұлтанның кінәсі әлі дәлелденбей тұрып, оны «кінәлі» деп айыптаудан аулақ болыңыздар. Дәлелсіз айыптау арқылы өздеріңізді де қиын жағдайға қалдырып, жауапкершілікке тартылу қаупін тудырмаңыздар", - деп мәлімдеді адвокат Тілеужан Кішкенебаев.

Барлық жаңалықтар