"Спортшы Данияр Елеусіновтің әйелінен таяқ жедік" дейді қарағандылық келіншектер

"Спортшы Данияр Елеусіновтің әйелінен таяқ жедік" дейді қарағандылық  келіншектер

Қарағандыда екі әйел өздеріне танымал боксшы Данияр Елеусіновтің жұбайы қол көтерді деп мәлімдеді деп жазады Democrat.kz. сайты 31-арнаға сілтеме жасап. 

Арна дерегінше, қала тұрғындары физикалық қысым көргенін айтып, полицияға арыз түсірген.

Шағымданушы Әсел Жабықбаеваның сөзінше, оқиға Майқұдық ауданындағы анасының үйінде болған. Кешкі уақытта есік қағылып, келген әйел өзін көршінің туысы ретінде таныстырған.

Жәбірленуші тараптың айтуынша, жанжал барысында итерісу мен күш қолдану болған. 60 жастағы анасына травматологиялық орталықта саусақ сіңірінің жыртылуы, жеңіл ми шайқалуы және ерін ісінуі диагнозы қойылған. Ал Әселдің жұмсақ тіндері зақымданғаны хабарланды.

Әйелдердің сөзінше, полиция бөлімінде боксшының есімі аталған сәттен кейін қызметкерлердің көзқарасы өзгерген. Сонымен қатар, спортшының өзі де бөлімге барғаны айтылады.

Ал боксшының жұбайы Саидой өз кезегінде айыптауларды жоққа шығарып, 81 жастағы атасын қорғау үшін барғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, ол қарсы тараптың үйіне кірмеген және өзін «спортшының әйелімін» деп таныстырмаған. Сондай-ақ, ол да қарсы арыз жазған.

Қарағанды облысы департаметі бұл оқиғаға байланысты бірнеше қылмыстық іс қозғалғанын растады. Барлық арыз бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. Денсаулыққа келген зиянның ауырлығын анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалған.

Қазіргі таңда іс заң талаптарына сәйкес қаралып жатыр. Тергеу қорытындысы шыққаннан кейін ғана оқиғаға нақты құқықтық баға берілмек

Барлық жаңалықтар