Өмір бойына бас бостандығынан айырылған Сұлтан Сәрсемәлиев әзірге жазасын өтеу мекемесіне этаппен жіберілмейді. Үкім заңды күшіне енгенге дейін ол тергеу изоляторында (ТҚИ) қамауда болады деп жазады Democrat.kz.
Заңгерлердің түсіндіруінше, сот үкімі шыққаннан кейін сотталған адамның оны апелляциялық тәртіппен шағымдануға құқығы бар. Апелляциялық шағым беру мерзімі аяқталмайынша немесе жоғары тұрған сот шағымды қарап бітірмейінше, үкім заңды күшіне енбейді.
Апелляциялық рәсім аяқталғаннан кейін немесе заңда белгіленген мерзімде шағым берілмеген жағдайда ғана Сұлтан Сәрсемәлиев өмір бойына бас бостандығынан айырылғандарға арналған қылмыстық-атқару жүйесі мекемесіне этаппен жіберіледі.
Еске салсақ, 16 шілдеде Атырау облысының Мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты Сұлтан Сәрсемәлиевті төрт адамды өлтіру, алаяқтық, ұрлық, мал ұрлығы және өзге де қылмыстар бойынша кінәлі деп танып, оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сотта үкімнің әзірге заңды күшіне енбегені де хабарланған болатын.