Сынып бөлмесіне камера орнату - оқушы мен мұғалімнің құқығын бұзу емес пе?

Сынып бөлмесіне камера орнату - оқушы мен мұғалімнің құқығын бұзу емес пе?
Белсенді ұстаз Маржан Алыпқараева мектептегі сынып бөлмелеріне жаппай бақылау камераларын орнату науқаны басталып кеткенін айтып дабыл қақты деп жазады Democrat.kz.
 
"Шымкенттегі 143 мектептің сынып бөлмелеріне демалыс күндері "Айқын" жобасымен камера қойып бастапсыздар.
 
Қала бойынша барлық мектептерге қойылады делініп жатыр. Мақсаттарыңыз қандай? Қандай заңбұзушылықтар орын алды? Неге ашықша айтылмайды?
 
Мемлекеттің бюджетінен бөлінетін қаржы көзі жетерліктей болса, неге қала мектептерінің сынып бөлмелеріне бірінші кондиционер қоюдан бастамадыңыздар?
 
Оқу жылының басында екі ай, соңында екі ай сынып бөлмелерінде оқушылар ыстықтан желпініп отырады. Жыл басынан бастап кеңсе тауарларын ала алмай отырмыз. Қарапайым сабын жоқ көп жерлерде.
 
Ауыстыру сабақтарының ақысын дұрыс төлемей отыр. Оқу жылы бойында (5-қыркүйектен кейін) келген жас мамандарға тәлімгер бекітіп төлейтін қаржы қарастырылмаған.
 
Жайлы мектеп жобасы деп тек мұғалімдерге салмақ салынғаны өтірік емес. Енді келіп әр мұғалімнің жеке басын аңду үшін камера қойып жатырсыздар ма? Түсіндірме беріңіздер"деген Маржан Алыпқараева жергілікті басшыларға үндеу жасады. 
 
Жалпы, мектептің оқу бөлмелерінде бақылау камераларын орнату туралы біраздан бері айтылып келе жатқан-ды. Әйтсе де, шымкенттік атқамінерлер бұл шаруаны жыл бітпей тәмамдап, тендердің тиынын түгелдеп қойғысы келген сыңайлы. 
 
Өз тарапымыздан осы камераға қатысты ата-аналар, оқушылар мен педагогтардың пікірін сұрап, төмендегідей жауап алдық. 
 
Гүлжан Серікбай, педагог: "Төбесінен төніп, әлдекім бақылап тұрса, кімге де болса ұнай қоймасы анық. Бақылау камерасы орнатылса, оқушы да, мұғалім де еркін болмайды. Қажеті жоқ нәрсе". 
 
Салиха Айдынқызы, бұрынғы мұғалім: "Сол камера оқушы мен бала қауіпсіздігі үшін қызмет етпейтініне сенімдімін. Камералар тырнақтың астынан кір іздеген директорлардың көзіріне айналса, таңғалмаймын. Басқа жыртығы бүтінделмеген білім саласына осы камералар жетпей тұр ма еді? Мектептің жоғын түгендегіш болса, кеңсе тауарларын түгел әперіп, сыныптың ремонтын мұғалім емес, мектептің өзі жасасыншы! Кезінде осындай мұғалімнің қалтасы мен жүйкесін жұқартатын тірліктерден шаршап, жұмысты тастап едім. Әлі сол баяғы, мұғалімді табанға салып езу жүйесі тоқтамай тұр екен ғой".
 
Жоғары сыныптың бірнеше оқушысы ә дегеннен сынып бөлмесінде камера орнатуға қарсы екендерін білдіріп, "камера сатып алуға шығарған ақшаларын көкелеріміз мектеп асханасындағы тамақты реттеуге берсінші. Ит жемейтін тамақтарды балаларға ұсынып отыр ғой мектеп асханалары"деп реніштерін жеткізді. 
 
"Менің балам баастауыш сынып оқушысы. Баламның қауіпсіздігін қатты ойласа, басшы-қосшылар сыныпқа камера орнатқан ақшаға шкаф орнатсыншы! Күн суыса, зілдей сөмкемен бірге аяқкиім арқалап шаршайды балалар. Ал камера орнату баланың құқығын бұзу деп санаймын! Менің баламның камерадағы бейнесі интернетке жайылып кетпесіне, арам ниетті айуандардың басқа тірліктеріне пайдаланып кетпесіне кепілдік бар ма? Бақылау камерасында отырып, қыздардың бұтын аңдитын күзетшісымақтары бар елде тұрып жатқанымызды ұмытпайық!" дейді алматылық Дариға Арқабаева. 
 
Дайындаған Мәриям КЕНЕСАРЫ.  
Барлық жаңалықтар