Сыныптарды бөлу мен біріктіру: Мұғалім де адам екенін ұмытпайық

Сыныптарды бөлу мен біріктіру: Мұғалім де адам екенін ұмытпайық

Белсенді педагог Жанар Сағынбай жыл сайынғы сыныптарды біріктіру мен бөлу мәселесіне қатысты өз ұсынысын айтты деп жазады Democrat.kz.

Әлеуметтік парақшасында: "Жылыой ауданы білім бөлімінің басшысының міндетін атқарушы тұлғаға ұсыныс:

Кейбір мектептерде оқушы саны аз болса да, сыныптар ашылады. Керісінше, кей мектептерде оқушыларды шамадан тыс жинап, толық сыныптар қалыптастырылады.

Бұл жерде сыныптардың тең бөлінбеуі – жиі кездесетін жағдай. Әрине, сыныптардың ашылуы халықтың орналасу тығыздығына және мектептердің нақты жағдайларына байланысты. Барлық мектептерде бірдей жағдай жоқ екені белгілі.

Жыл соңында мұғалімдер еңбек демалысына шығарда сағаттар бөлініп, келесі оқу жылына жоспар жасала бастайды. 1-сыныпқа қабылдау ерте басталса да, ата-аналар балаларын тіркеуге асықпайды. Ал 10-сыныптар – 9-сынып түлектерінің таңдауына байланысты қалыптасады.

Сынып санына аздаған ауыс-күйіс әсер етпейді. Дегенмен, бастауыш сыныптарда ерекше білімді қажет ететін балалардың болуы – маңызды фактор. Комиссия шешімімен келген ерекше білім алушылар 1 бала – 3 бала ретінде есептелуі тиіс. Олар педагог-ассистентпен немесе сүйемелдеуші маманмен жұмыс жасайды. Бірақ мұндай оқушылар адам санына қосылғанымен, сапалық құрамға жиі енгізілмей қалады.

Мысалы, егер сыныпта 22 оқушы болса, және оның біреуі ЕБҚ (ерекше білім беруді қажет ететін) бала болса, онда сыныптағы нақты есеп – 24 оқушы болуы керек. Бұл кезде орыс тілі мен ағылшын тілі топқа бөлініп оқытылуы тиіс.

Алайда бұл талап көптеген мектептерде ескерілмейді. Сыныптардағы оқушы санын тең ұстау үшін осы факторларды міндетті түрде назарға алған жөн.

Сыныптарды біріктіру мен қысқартуда әр балаға кемінде 2,5 шаршы метр оқу кеңістігі қарастырылып, санитарлық талаптар сақталуы керек.

Тағы бір маңызды мәселе – орыс сыныптарының қысқартылып, қазақ сыныптарының көбеюі. Бұл – тілдік емес, маман тапшылығына қатысты айтылып отыр. Қазіргі университеттерде орыс топтарында білім алып жатқан студенттер саны өте аз. Бұл – болашақта орыс тілі пәні мұғалімдерінің жетіспеушілігіне алып келмек.

Осы жағдайды ата-аналарға алдын ала түсіндіру керек. 50-55 жастағы педагогтер де біртіндеп зейнетке шығады. Қазіргі 1-сыныпқа барған балаға 5–6 жылдан кейін жас маман тапшы болатыны анық. Ал 55 жастағы апайлар физикалық және цифрлық жүктемені көтере ала ма?

Тағы бір мәселе – кейбір мұғалімдер аптасына 36–40 сағат сабақ жүргізуде. Мұндай жүктемемен олар:

• сабағына қашан дайындалады?

• оқу платформаларымен қашан жұмыс істейді?

• ҚМЖ, ҚБ, БЖБ тапсырмаларын қалай дайындайды?

• жеке өміріне, денсаулығына қашан көңіл бөледі?

Күніне 4–5 сабаққа сапалы дайындалу үшін кемінде 2–3 сағат уақыт кетеді. Бұған көрнекіліктер, зерттеу жұмыстары, әдістемелік дайындықтар кіреді. Мұғалім де адам, демалысты, қолдауды қажет етеді.

Білім беру сапасын қамтамасыз етудің басты жолы – дұрыс жоспарлау мен әділ бөлініс. Сондықтан сыныптарды бөлу мен қалыптастыруда жоғарыда айтылған мәселелер назардан тыс қалмауы керек" деп жазады Жанар Сағынбай.

 

Барлық жаңалықтар