Таэквондошымыз қолдан құжат жасатып, өзінен кіші балаларды тепкілеп жүр ме?

Таэквондошымыз қолдан құжат жасатып, өзінен кіші балаларды тепкілеп жүр ме?

Естімеген елде көп. Тунистен аттай қалап алдырып, төбемізге көтерген талантты таэквондошының жалған құжат жасатып, жасын әдейі кішірейткені белгілі болды. Ұлттық құраманың бас бапкері Есбол Сұлтан төлқұжатындағы туған жылын өзгертіп, өзінен төрт жас кіші балаларды тепкілеп Азия чемпионы атанды деген арыз келіп түсті оқырмандардан.

Ол 2001 жылы Есбол Ерден деген атпен Азия чемпионатына қатысып, 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы жарыста жүлделі бірінші орын алған екен. Алайда оның жасы сол кезде 21-де болған дейді дереккөз. Яғни, 1981 жылы туылғанымен 1984 жылғы деп жалған төлқұжат жасатқан.

Осы құжатпен 2005 жылға дейін әртүрлі жарыстарға қатысып, жүлдегер атанған. Ғаламтордағы ашық мәліметтерде Есбол Сұлтанның 2002 жылғы Азия ойындарында қола жүлде жеңіп алғаны жазылған. Сондай-ақ тағы бірнеше беделді жарыстарда жүлде алыпты. Тек 2006 жылдан бастап қайтадан өзінің түпнұсқа төлқұжатын пайдалана бастапты. 

Қос құжат жасатқаны туралы деректі полиция да тексерген. Құзырлы органдар, Сұлтанов Есбол Ерденұлына 1997 жылы Шымкент қалалық АХАЖ бөлімі төлқұжат берген дейді. Сондай-ақ 2000 жылы ОҚО, Қазығұрт ауданы АХАЖ бөлімі берген жалған туу туралы куәлік негізінде тағы бір төлқұжат жасалып, туған жылы 01.03.1984 жыл деп заңсыз өзгертілгені дәлелденген. Бірақ бұл 25 жыл бұрын жасалған заңсыздық (қылмыс) деп істі жылы жаба салыпты. "Срок давности истек, короче". 

Десе де, осындай алаяқтыққа, заңсыздыққа барған адамның ұлттық құраманы жаттықтыруға құқы бар ма? Өзі жүріп өткен жолға жастарды да салып, заңсыз чемпиондар шығаруы мүмкін ғой.

 Мәселенің мән-жайын, анық-қанығын білейін деп Есбол Сұлтанның телефонына сан мәрте қоңырау шалдым. Тіпті вацабына да жаздым. Бірақ үнсіз, жауап жазбады.

Сондықтан жалпақ жұртқа жариялауға тура келіп тұр. Осы мәселе бойынша ҚР Туризм және спорт министрлігінен жауап күтемін. Халықаралық таэквондо федерациясы 2024-ші жылы “Жылдың үздік бапкері” деп таныған Есбол Сұлтан Ерденұлының өз жауабын да естуге дайынмын.

Диас НҰРАҚЫН, журналист.

Барлық жаңалықтар