"Тағы бір Назарбаев президент болмасын десек..." деген журналист тәуелсіз комиссия құруды ұсынды

"Тағы бір Назарбаев президент болмасын десек..." деген журналист тәуелсіз комиссия құруды ұсынды

Танымал журналист Асылхан Мамашұлы экс-президент Назарбаевтың қызметіне саяси баға беру керегін айтып жазба жариялады деп жазады Democrat.kz.

"М. Тазабек дейтін молла "Енді айтуға болады" дейтін кітап шығарып, "оның көргенін көрмегесін, оның жолымен жүрмегесін, оның етігін кимегесін аузымыз жылдам айта береміз" деп бұрынғы президентті уағыздап жүр екен.

Кеше бірер депутат та "жалпы алғанда жақсы адам" деп камера алдында бұрынғыдан еркіндеу балпылдап тұрғанын байқадым.

Соған қарағанда Қаңтар көтерілісі ұзаған сайын "енді айта беруге, қайта дәріптей беруге болады" деп ойлайтын сияқты.

Болашақта депутаттар да, басқалар да бұрынғы президент мәселесіне келгенде әрі-сәрі қиналмас үшін парламент сенаты мен мәжілісінің каникулда жүрген депутаттарына құлаққағыс айтайын деп едім.

Назарбаевтың қызметіне ресми түрде саяси баға бермей, ел билігі түзелмейді. Тағы бір “назарбаев” пайда болмайтынына еш кепілдік жоқ.

Иә, конституция бойынша бұрынғы президент жауапқа тартылмайды (болашақта бұл бапты өзгерту керек).

Алайда билік тармақтарының бірінің бастамасымен “Бұрынғы президенттің қызметіне құқықтық және саяси баға беру туралы” парламенттік комиссия құрып, оған заңгерлер мен тәуелсіз тұлғаларды тартып, мәселесін заң жолымен қарауға әбден болады.

Бұл комиссияға бұрынғы президентті, оның айналасында жүргендер мен іске қажетті өзге де лауазымды, лауазымсыз адамдарды шақырып, сұрақ қойып, жауап алу құзыры беріледі.

Комиссия мемлекеттік және конституциялық маңызы зор негізінен небәрі он мәселені түбегейлі зерттейді:

1. 1991 жылдан бергі президент сайлаулары әділ өтті ме?

2. Назарбаевтың конституцияны өз билігін күшейтуге пайдаланғаны, сол үшін бірнеше рет өзгерткені заңды ма?

3. Назарбаев президент кезде саяси тапсырыспен адам өлтірілді ме?

4. Назарбаев президент кезде адамдар саяси тапсырыспен түрмеге қамалды ма?

5. Назарбаев президент кезінде өзі біреудің бизнесін рейдерлікпен тартып алды ма немесе өзге біреулерге алып берді ме?

6. Назарбаев президент кезде бизнеспен айналысты ма?

7. Назарбаевтың президент лауазымы оның отбасы мен туған-туыстарының бизнесіне әсер етті ме?

8. Президент болғаны үшін мемлекет Назарбаевқа жалақы ғана төледі. Ал миллиардтар қайдан пайда болды?

9. Назарбаев президент кезде жер қойнауындағы ел байлығы шетелдіктерге заңсыз сатылды ма? (мәселе арзан, қымбат сатқанында емес)

10. Назарбаев президент кезде шетелге қанша ақша заңсыз жолмен шықты? Оған президенттің өзі мен жақын туыстарының қатысы бар ма?

Он мәселе қалтқысыз шешімін табу үшін комиссия отырысы тікелей эфирден көрсетіледі.

Он мәселенің әрқайсына жеке баға беріліп, халыққа жариялайды. Тым болмаса біреуінің заңсыз екені дәлелденген жағдайда комиссия бұрынғы президенттің үстінен қылмыстық іс қозғау жөнінде бастама көтере алады.

Дәлелденбесе бұрынғы президентті шексіз құрметтейміз.

Мұндай комиссия құру жөнінде парламенттің кез келген депутаты бастама көтере алады. Ешқандай шектеу жоқ.

1994 жылы Желтоқсан көтерілісіне байланысты комиссияны депутат Жасарал Қуанышәлин осылай құрған" деп жазды Асылхан Мамашұлы.

Барлық жаңалықтар