Соңғы жылдары қазақ қоғамында жаңа бір «дәстүр» қалыптасып келеді – үйлену тойларын тікелей эфирде көрсету. Бірі оған билет сатып, ақша табуды көздесе, енді бірі бұл «шоуға» елді тегін қонақ етеді. Бұқаралық мәдениет пен әлеуметтік желілердің әсері ме, әлде нағыз даңққұмарлық па – бұл мәселе қоғамда екіұдай пікір тудырып отыр.
Мәселен, Арчи лақап атымен танымал 28 жастағы блогер Артур Асқарұлы мен оның қалыңдығы Замира Саидова өткен демалыста дүркіретіп онлайн-той өткізді. Жас жұбайлардың қуанышын тікелей эфирде 50 мыңнан астам адам тамашалаған. Иә, қателеспедіңіз – 50 МЫҢ адам! Бұл – кейбір ауданның бүкіл халқының санына тең көрсеткіш.
Той тікелей эфирде тегін көрсетілгенімен, қонақтар беташар рәсімінде қалталарының қалың екенін көрсетті: 22 мың теңгеден бастап 1 миллион теңгеге дейін ақша салғандар болған. Барлығы 3 миллион теңгеден аса қаражат жиналған. Әлеуметтік желі қолданушылары да қарап қалмады:
“Арман мен Талғат 20 мың теңгеден шығарды ма?”,
“Осындай достарым болса, арманым жоқ”,
“Салық комитеті қарап отырмасын, халық расымен бай екен”,
– деп әзіл-шыны аралас пікір білдіріп жатты.
Бұл – алғашқы мысал емес. Бұған дейін әнші Сәкен Майғазиев ұлы Әділеттің үйлену тойын онлайн эфирде 1380 теңгеге сатқан. Ақылы эфирге 8743 адам жазылып, жалпы 12 миллион теңге табыс түскен. Қарап отырсаңыз, бұл тойлар кәдімгі табыс көзіне айналып барады.
Мұндай жағдайлар қоғамда орынды сауал тудырады:
-
Той – жеке қуаныш па, әлде коммерциялық жоба ма?
-
Қазақы дәстүр мен қазіргі шоу-бизнес арасындағы шекара қайда?
-
Халықтың тұрмысы туралы уайымдап отырған мемлекет үшін мұндай аста-төк тойлар қандай сигнал береді?
Онлайн той – бұл қазіргі заманның талабына бейімделу ме, әлде қазақы қалыпты ысырып тастаған дарақылық па? Біреуге бұл – жаңа медианың мүмкіндігі, ал екіншісіне – нағыз масқара. Бірақ бір нәрсе анық: той мәдениетіміз де өзгеріп жатыр. Ал оның қандай бағытта өзгеретіні – өзімізге байланысты.
Democrat.kz.