Түркия президенті Тайып Ердоған дінге, оның ішінде Ислам дініне қатысты мәлімдеме жасап, тіпті біздің елдегі діндар қауымның да делебесін қоздырып, атойлатты деп жазады Democrat.kz.
Әр соғыста мінберге шығып күркіреуді жақсы білетін Тайып Ердоған бұл жолы да әдеттегідей АҚШ пен Израильге қаратып және басқа мұсылмандарға жел беретін сөзімен үстел тоқпақтады.
"Біз бауырлас Иран халқына ешқашан “мынау шиит, мынау суннит, мынау түрік, мынау күрд” деп қараған емеспіз және олай қарамаймыз да. Біздің Сүннилік немесе Шиилік деген жеке дініміз жоқ. Біздің бір ғана дініміз бар — ол Ислам»,- деді Түркия президенті.
Ердоған бейдің бұл сөзі Қазақстандағы кей діншілдердің делебесін қоздырғаны сонша, "жарайсың!", "өте дұрыс!", "Алла жолында басымызды біріктірейік!", "дініміз бір Ислам. Ислам үшін, алға!" Деп өрекпіп, әлеуметтік желіде тоқтаусыз пікір жазып жатқандар көбейді.
Дін үшін аттандап отырған қауымды "Ердоған көп және бос сөйлейді", "жұртты өрекпітіп, соңында сатып кетеді бұл", "Ердоған АҚШ пен Израильдің ығынан шықпайды", "өз еліндегі білімді азаматтарды "фетошы" деп қудалап, күрдтерге қысым жасаған кісінің сөзіне кім сенеді" деген саналы кісінің пікірлері тоқтатар емес.