Танымал режиссер отбасы туралы ерекше жазба жариялады

Танымал режиссер отбасы туралы ерекше жазба жариялады

Танымал режиссер Асхат Маемеров отбасы туралы ерекше жазба жариялады деп жазады Democrat.kz.

"Осыдан дәл 33 жыл бұрын, 1992 жылы 23 қараша күні біз Нұргүл екеуміз бас қосып, отбасылық өмірге қадам жасадық.

Уақыт неткен жүйрік еді... Институтта оқып жатқан 17-18 жастағы кезіміз еді. Екеуміздің дәл сол күнгі «Біз мәңгі бір боламыз» деген өмірлік шешіміміз бен адал сертіміз «Бақыт» деп аталатын аймаққа жол бастады.

Ия, екеуміз де бір ауылда туып өстік... Құндақтағы сәби, қаз-қаз қадам басқан кезеңнен бастап таныспыз... Бір мектепте оқыдық... Бір көшемен жүрдік... Бір уақытта есейдік... Себебі, екеуміз де бір уақыттың төліміз!

33 жылдың ішінде біздің жүрек төріміздегі ғаламат сезімге толы бақытты сәттер, шуақты шақтар жатыр.

Үйленген бір жылдан соң, 1993 жылы біздің адал махаббатымыздың бейнесіндей Абзалбек өмірге келді.
Бір мүшелді артқа тастап Рустам дүние есігін ашты...

Өмір мен өнер кеңістігіндегі менің тынымсыз шығармашылық ізденістерімде Сен әрқашан жанымдасың!

Алдымызда асқақ армандар, үркер үміттер қол бұлғап шақырады... Біздің отбасылық өмір толғауымыз әзірге 3 кезеңнен құралып тұр.

Алғашқысы - Ер мен Зайып атанған кезең, екіншісі - Әке мен Ана атанған кезең, үшіншісі - Ата мен Әже бақытына кенелген қазіргі кезеңіміз!

Бізді Ата мен Әже қуанышына кенелткен немерелеріміз Айзере, Димаш, Дінислам арқылы - ӨМІР тіпті ҒАЖАП 

Біздің шаңырағымыздың басты темірқазығы - махаббат, мейірім, сыйластыққа негізделген.

Немерелерімізді ұлт руханиятына қызмет етуден талмайтын мемлекетшіл азамат етіп тәрбиелеу - Ата-Әже ретіндегі борышымыз!

Болашақта немерелер мен Шөберелердің атынан да, санынан да жаңылатын Ақсақал мен Әже болайық! Шөпшектің қолынан шай ішіп отырып, неменеге «Бесік жырын» айтатын күнге жетейікші.

Біздің Қазақстандай алып мемлекетіміз - отбасылардан құралады. Ендеше тек біздің әулетімізді ғана емес, ұланғайыр еліміздегі әрбір шаңырақтың төрінде махаббат, мейірім, сыйластық салтанат құрсын"деп жазды режиссер. 

Барлық жаңалықтар