Тараздағы негізгі жылу электр орталықтарының бірі қысқы маусымға дайындалғанымен, жабдықтарының тозу деңгейі 66 пайыз болып отыр. Бұған дейін кәсіпорындағы қаржы жымқыру ісі бойынша бірнеше адам сотталған. Енді қала билігі жылыту маусымын тұрақты өткізу үшін станция мен жылу желілерінің жұмысын бақылауға алды, деп жазады Democrat.kz.
Тараз қаласында 2026–2027 жылғы жылыту маусымына дайындық жұмыстары аяқталуға жақын.
8 қазаннан бастап әлеуметтік нысандарға жылу беріле бастады. Ал 12 қазаннан бастап көпқабатты тұрғын үйлерді жылыту жүйесіне қосу жоспарланған.
Қала әкімдігінің кестесіне сәйкес, бес күн ішінде 1439 көпқабатты тұрғын үйге жылу жеткізілуі тиіс.
Қаланы жылумен қамтамасыз ететін маңызды нысандардың бірі — 1963 жылы пайдалануға берілген №4 жылу электр орталығы.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, станция жабдықтарының тозу деңгейі 66 пайызды құрайды.
2022 жылы бұл көрсеткіш 75 пайыз болған.
Соңғы жылдары жүргізілген жөндеу жұмыстары тозу деңгейін төмендетуге мүмкіндік бергенімен, станция әлі де жоғары тәуекел санатында тұр.
Биыл бір қазандық күрделі жөндеуден өткен. Сонымен қатар бес қазандық пен екі турбинаға ағымдағы жөндеу жүргізілген.
Жөндеу науқанына жалпы 321 млн теңге жұмсалған.
Кәсіпорынның тарихында қаржылық заңбұзушылықтарға қатысты ірі іс те болған.
2018 жылы станция жеке компанияның сенімгерлік басқаруына берілген. Кейін Қаржылық мониторинг агенттігі инвестицияға бөлінген қаражаттың бір бөлігі жалған келісімшарттар арқылы шығарылғанын анықтаған.
Мемлекет пен кәсіпорынға келтірілген жалпы шығын 4,3 млрд теңге деп бағаланған.
Аталған іс бойынша сегіз адам үш жылдан 13 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілген.
2025 жылы станцияның барлық акциясы мемлекетке қайтарылды.
Қазір кәсіпорынның техникалық жағдайымен қатар қаржылық міндеттемелері де бақылауда.
Бұған дейін газ жеткізуші компания станцияның 1,85 млрд теңге берешегі бар екенін хабарлаған.
Энергетика министрлігі жөндеу жұмыстары белгіленген мерзімде аяқталғанын мәлімдеді. Дегенмен станцияның қысқы жүктемеге қаншалықты төтеп беретіні жылыту маусымы кезінде анықталады.