"Сорлы мұғалімдер-ай...": Педагогтар қазіргі жүйеге наразылығын білдіруде

"Сорлы мұғалімдер-ай...": Педагогтар қазіргі жүйеге наразылығын білдіруде

«Мұғалімдер ЦОН-ның жұмысын да атқарып жатыр ма? Бәрі ЭЦП кілт деп шапқылап жүр ғой» деген жазба әлеуметтік желіде ұстаздардың жанайқайын қозғады. Пікір қалдырған мұғалімдер қағазбастылық азаймастан, тек «электронды бюрократияға» айналғанын, түрлі платформалар мен есептердің кесірінен сабаққа дайындалуға уақыт қалмай бара жатқанын айтып отыр, деп жазады Democrat.kz.

Қоғам белсендісі Оңғар Қабден Facebook парақшасында мұғалімдердің ЭЦП кілт жинап, түрлі электронды платформалармен әлек болып жүргенін әжуалап жазған.

Оның жазбасынан кейін пікірлерде педагогтердің күнделікті жұмысына қатысты өткір шағымдар айтыла бастады.

Ең көп қайталанған ойдың бірі — мұғалімнің негізгі міндеті сабақ беру болғанымен, іс жүзінде ол есепші, оператор, әлеуметтанушы, психолог, тіркеуші секілді ондаған қызметті қатар атқарып жүргені.

Бір пікірде:

«Мұғалімнің қолындағы борды алып, орнына ЭЦП кілт ұстаттық. Өкініштісі — қағазбастылық азайған жоқ, жай ғана электронды бюрократияға айналды. Балаға цифрлық қолтаңба емес, тірі ақыл мен шынайы ұстаз керек», — делінген.

Тағы бір мұғалім жағдайды былай сипаттаған:

«Мұғалім күн мен түннің айырмасын білмей қалдық. Бітпейтін қағаз. Он қосымша ойлап тапса да, бәрін толтыр дейді. Тыныс алуға уақыт жоқ. Мұғалімнің уақытын ұрлап жатыр, көз майын тауыстырып жатыр».

«Сабақты қашан дайындаймыз?»

Пікірлердің ең ащысы сынып жетекшілерінің жүктемесіне қатысты.

«Сынып жетекшілерге тыныштық болмай тұр. Түрлі платформаларға оқушыларды енгізіп, түнмен отырып жұмыс істейді. Олар сабаққа қашан дайындалады және демалуға құқығы жоқ па?» — деп жазған қолданушы.

Тағы бір пікір иесі:

«Мұғалімдерге сабақ беріп керек емес, осы қаптаған отчетты жасап жүре беру керек. Мұғалімдерге сабақ өткізу мүмкін болмай қалды. Бітпейтін қағазбен алысып жүрген мұғалім қандай білім береді?» — деп сұрайды.

Бұл пікірлерде бір ортақ мәселе анық көрінеді: есеп пен платформа көбейген сайын мұғалімнің балаға бөлетін уақыты қысқарып барады.

«27 жылдық еңбек өтілім бар, әлі қағаз тасып жүрмін»

Тағы бір ұстаз аттестация мен санат алу кезінде талап етілетін құжаттардың көптігіне шағымданған.

«27 жыл педстажыммен категорияға тапсыру үшін спринтер ұқсап жүгіріп жүрмін. Жетістігіміз, марапаттарымыз бос еңбек екен. Қағаз, күнделік, ҚМЖ, смарт мақсат... бес жыл сарапшы болып өтіп кетіпті, қайтадан қағаз толтырып отырмыз», — дейді ол.

Басқа пікірлерде де мұғалімнің кәсіби тәжірибесі емес, құжаттың көптігі бағаланатын жүйе сыналған.

«Балажан» тағы бір платформа болды ма?

Пікірлердің бірінде «Балажан» атты жаңа платформа шыққаны айтылған.

«Соны толтырып жатырмыз, ЭЦП соған керек болды. Азайтамыз деп көбейтіп жатыр», — деп жазған мұғалім.

Тағы бір пікірде түрлі платформаларға балаларды өз аты-жөнімен тіркеу, аралық бақылау, әлеуметтік мәліметтер мен отбасы жағдайын қайта-қайта толтыру қажеттілігі сыналған.

«Жылда мектепке әлеуметтік карта толтырып береміз: үйіміз жеке ме, ипотека ма, қанша бала бар, нешінші сыныпта — бәрін. Енді тағы бір платформа. Біреуін үйренгенше, орнына басқасын қосады», — деп жазған қолданушы.

«Мұғалім — ЦОН, мобилограф, социолог, психолог»

Желі қолданушыларының бірі мұғалімнің бүгінгі қызметін қысқа ғана түйіндеген:

«Мұғалім — ЦОН, мобилограф, социолог, психолог. Бәрінің қағазын толтырудан қолы босамайды».

Тағы бір мұғалім:

«Барлық жұмысты күн демей, түн демей жасай береміз. Бізде отбасы, үй тірлігі деген ұғым жоқ қой. Кеш жатамыз, ерте тұрамыз, демалыс күндері де тыныштық жоқ», — деп жазған. Ал бір желі қолданушы "сорлы мұғалімдер-ай..." деп күйінішін білдірген. 

Бұл сөздер педагогтердің тек кәсіби емес, жеке өміріне де салмақ түсіп отырғанын аңғартады.

«Қағаз азайған жоқ, тек экранға көшті»

Білім саласында цифрландыру бірнеше жылдан бері қағазбастылықты азайтудың құралы ретінде ұсынылып келеді.

Алайда мұғалімдердің пікірінен мүлде басқа көрініс байқалады.

Қағаздың орнына электронды форма келді.

Бір есептің орнына бірнеше платформа пайда болды.

Ал мәліметті толтыратын адам сол күйі — мұғалім.

Сондықтан ұстаздардың бүгінгі сұрағы өте қарапайым:

Егер мұғалім күні бойы ЭЦП кілт іздеп, платформа толтырып, есеп өткізіп, ата-ананың және әкімшіліктің тапсырмасымен жүрсе, балаға сабақ беретін уақыт қайда қалады?

«Сорлы мұғалімдер» деген сөздің астарындағы ащы мысқыл да осы.

 

Барлық жаңалықтар