Қазақстанда мыс металлургиясы шегіне жетті: зауыттар неге рекорд жаңарта алмай отыр?

Қазақстанда мыс металлургиясы шегіне жетті: зауыттар неге рекорд жаңарта алмай отыр?

Қазақстандағы мыс зауыттары 2020 жылғы өндіріс рекордын әлі жаңарта алмай отыр. Экономист Жанат Нұрғалиев мұның себебін түсіндіріп, елдегі мыс өндірісінің басты мәселесін атады, деп хабарлайды Democrat.kz.

Сарапшының айтуынша, Қазақстанда мыс кенін өндіру қарқынды өскенімен, оны өңдеу мүмкіндігі сол деңгейде дамымаған.

«Жаңа кен орындары пайда болды. Бірақ жаңа металлургиялық өндірістер әзірге жоқ», деп жазды экономист.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 1990 жылы Қазақстанда 38,5 миллион тонна мыс кені өндірілген. 2025 жылы бұл көрсеткіш 163,7 миллион тоннаға жетіп, 4,3 есе артқан.

Ал дайын мыс өндірісінің өсімі әлдеқайда төмен. 1990 жылы 365 мың тонна тазартылған мыс шығарылса, 2025 жылы оның көлемі 471,8 мың тонна болған.

«2020 жылы тарихи рекорд тіркеліп, 477 мың тонна мыс өндірілді. Содан бері бұл көрсеткіштен асып түсу мүмкін болмады», деп жазды Нұрғалиев.

Экономистің айтуынша, мәселе әсіресе 2016 жылдан бастап айқын байқалған. Сол жылы мыс кенін өндіру 85 пайызға артқанымен, дайын мыс шығару небәрі 3,5 пайызға өскен.

«Соңғы он жылда елдің кен өндіру саласы түбегейлі өзгерді. Ал металлургия саласында айтарлықтай өзгеріс болған жоқ», деп түсіндірді сарапшы.

Оның айтуынша, өндірілген кен мен дайын мыс көлемін тікелей салыстыру дұрыс емес. Өйткені кен алдымен байытылады, ал ондағы мыс мөлшері әр кен орнында әртүрлі.

«Қолданыстағы зауыттар бес жылдан бері 2020 жылғы рекордты жаңарта алмай келеді. Осы уақыт ішінде жаңа ірі өндіріс орындары пайда болған жоқ. Сондықтан қосымша шикізаттың едәуір бөлігін ел ішінде өңдейтін мүмкіндік әзірге жоқ», деп жазды экономист.

Мәселені шешу үшін Қазақстанда жаңа өндіріс орындарын салу жоспарланып отыр. Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, Балқашта 2030 жылға қарай жылына 300 мың тонна катодты мыс өндіретін зауыт іске қосылуы тиіс.

Жобаның құны 750 миллиард теңге. Бұдан бөлек, «Қазақмыс» компаниясы 2026 жылы қолданыстағы Балқаш зауытын жаңғыртуға 21,8 миллиард теңге жұмсайды.

«KAZ Minerals» компаниясы да Ақтоғай маңында осындай қуаттағы мыс балқыту зауытын салуды жоспарлап отыр.

Дегенмен Нұрғалиевтің пікірінше, жаңа зауыттар салу мәселені толық шешпейді.

Кәсіпорындарды тұрақты шикізатпен қамтамасыз ету және оларды жаңғыртуға қолайлы жағдай жасау қажет.

«Соңғы он жылда Қазақстан мыс өндіруді күрт арттырды. Ендігі міндет жаңа шикізат қорына сәйкес ел ішіндегі металлургияны дамыту», деп жазды сарапшы.

Қазір мыс концентратын өңдеу тарифін анықтау тәртібі мен экспорттық баж салығын енгізу мүмкіндігі талқыланып жатыр. Экономистің пікірінше, Қазақстан үшін басты мәселе дайын мыстан түсетін қосымша табыстың ел ішінде немесе шетелде қалыптасатынына байланысты.

Барлық жаңалықтар