Өскемен тұрғыны туралы тараған ерекше оқиға әлеуметтік желі қолданушыларының назарын аударды. Жазба авторының баяндауынша, 2011 жылы суға батып, бірнеше күн комада жатқан азамат сол аралықта өзін мүлде басқа өмірде 11 жыл өмір сүргендей сезінген. Ең қызығы — ол «екінші өмірінен» қалған затты кейін өз қолынан көргенін айтады, деп жазады Democrat.kz.
Оқиға кейіпкері — Руслан есімді ер адам.
Жазбада оның 2011 жылы, 27 жасында Бұқтырмаға достарымен бірге балық аулауға барғаны айтылады. Қайық аударылып, Руслан суға батып кеткен. Ол шамамен 14 минут судың астында болып, достары оны шығарып, қайта тірілтуге тырысқан.
Кейін Руслан сегіз күн комада жатқан.
Бірақ оның өзінің айтуынша, осы сегіз күннің ішінде ол мүлде басқа өмірде 11 жыл өмір сүріп келген.
«Оянғанда ауруханада емес, бөтен әлемде болдым»
Руслан есін «басқа өмірде» ашқанын айтады.
Оның сөзінше, ол ауруханада емес, ағаш үйде жатқан. Қасында сақалды қария отырған. Қария орысша емес, қазақша сөйлеген.
Сыртқа шыққанда Руслан мүлде басқа ортаны көреді.
Ол әлемде Кеңес Одағы әлі құламаған, көліктер де, тұрмыстық заттар да кеңестік үлгіде болған. Телефон жоқ, теледидар қара-ақ түсті, ал күнтізбеде 1984 жыл көрсетілген.
Руслан бұл өмірге өзінің 2011 жылдан келгенін айтқанымен, айналасындағылар оған сенбеген.
11 жыл ішінде отбасы құрған
Жазбаға қарағанда, Руслан сол ауылда 11 жыл өмір сүрген.
Ол атын өзгертіп, ағаш кесетін жерде жұмыс істеген. Кейін Мария есімді әйелге үйленіп, Иван және Даша есімді екі баласы дүниеге келген.
Өзінің айтуынша, ол бұл өмірде өзін бақытты сезінген.
Бірақ кей түндері түсінде Өскемендегі анасын көріп жүрген.
Анасы түсінде:
— Руслан, қайдасың? — деп жылап жүретін болған.
Тағы бір апаттан кейін «өз өміріне» қайта оралған
11 жылдан кейін Руслан орманда ағаш кесіп жүргенде басына ағаш құлап, тағы да есінен танып қалады.
Көзін ашқанда ол 2011 жылға қайта оралған.
Қасында анасы мен достары болған. Барлығы жылап отырған.
Руслан бірінші болып:
— Мария қайда? Балаларым қайда? Иван, Даша қайда? — деп сұраған.
Анасы оның не айтып тұрғанын түсінбеген.
Руслан содан кейін бір жыл бойы депрессияда жүргенін айтады. Психиатрға барған кезде мамандар оның бастан кешкендерін галлюцинация немесе посттравматикалық синдроммен байланыстырған.
Бірақ Руслан бұл түсіндірумен келіспеген.
Ол:
— Мен 11 жыл өмір сүрдім. Балаларымның иісі әлі мұрнымда тұр, — деген.
Жүн шұлықты «дәлел» деп көрсеткен
Оқиғаның ең жұмбақ тұсы осы жерден басталады.
Русланның айтуынша, әлгі басқа өмірде әйелі Мария оған өз қолымен жүн шұлық тоқып берген.
Ал комадан шыққаннан екі жыл өткен соң, ол суға батқан кезінде аяғында болған аяқ киімін қарап отырып, ішінен дәл сондай қолдан тоқылған жүн шұлықты тауып алған.
Шұлықтың үстінде «М» әрпі болған.
Руслан оны анасына көрсеткенде, анасы да бұл затты бұрын көрмегенін айтып таңғалған.
Ол сол шұлықты әлі күнге дейін сандықта сақтап жүргенін айтады.
«Мен әлі екі өмірдің ортасындамын»
Русланның айтуынша, содан бері 11 жыл өткен.
Ол қазіргі өмірінде әйелі мен балаларымен бірге болғанымен, түнде түсінде әлі де Марияны, Иван мен Дашаны көретінін айтады.
Түсінде балалары:
— Әке, сен қашан келесің? Біз сені сағынып жүрміз, — дейді екен.
Руслан өзінің қазіргі өмірін де, сол «екінші өмірді» де бірдей шынайы сезінетінін жеткізген.
Дәрігерлер мұндай жағдайларды ми жарақаты, кома, оттегі жетіспеушілігі, посттравматикалық синдром немесе өте шынайы түстермен түсіндіруі мүмкін.
Алайда әлеуметтік желіде тараған бұл оқиғаға қатысты ресми медициналық қорытынды немесе Русланның өмірбаянын растайтын құжаттар ұсынылмаған.
Сондықтан бұл хикаяны дәлелденген факт емес, әлеуметтік желіде тараған ерекше әрі тылсым сипаттағы оқиға ретінде қабылдаған жөн.