Қайрат Нұртастың музыканты тапталып жатқан халықты мазақ еткені ме, бұл қалай?

Қайрат Нұртастың музыканты тапталып жатқан халықты мазақ еткені ме, бұл қалай?

Шымкентте өткен Қайрат Нұртастың концертінен кейін әлеуметтік желіде тағы бір дау шықты. Бұл жолы жұрттың наразылығына сахнада өнер көрсеткен музыканттың жазбасы себеп болды. Ол концерт кезінде қиналған халық туралы сөз қозғап, кейін жазбасын өзгерткен. Мұны байқаған желі қолданушысы музыканттың әрекетін сынға алды, деп жазады Democrat.kz.

Threads желісінде Қайрат Нұртастың концертінде өнер көрсеткен музыкант Ақсұңқардың жазбалары салыстырылған скриншот жарияланды.

Алғашқы жазбасында музыкант сахнада еркін өнер көрсеткеніне қуанып, көрермендердің жағдайы туралы да пікір білдірген.

«Ең рахат жұмыс менікі ме деп қалдым ше... Қысылма-ай, сахнада емін-еркін гитарамен... Адамдарға жаным ашып кетті», – деп жазған ол.
Жазбаның жалғасында былтыр халыққа өкпелеп қалғанын айтып, бүгінгі концертте көрген жағдайына қатысты ой бөліскен.
«Но оны өзім ұмытып кеткем. Күлдім бүгін маған халықтың қиналғанын көрсетті... Но мен халықты жақсы көрем қатты. Алланың бір есімі Халық дейді ғой», – деген музыкант.

Ол жазбасын жүрек белгілерімен толықтырып, халыққа деген сүйіспеншілігін білдірген.
Алайда кейін жарияланған нұсқасында бұл сөздердің бір бөлігі алынып тасталған. Жаңартылған жазбада музыкант сахнада еркін өнер көрсеткенін, адамдарға жаны ашығанын айтып, «Всех люблю» деген сөзбен шектелген.

Бұл өзгерісті байқаған желі қолданушысы музыканттың бастапқы жазбасына ашуланған.
«Мына кісінікі дұрыс па? Мен бұрын бұлай жазбайтын едім, бірақ мынаны көріп шыдай алмадым! Ол жақтағы давканы айтудың керегі де жоқ, бүкіл жерде жазылып жатыр! Мынау өте төмен сөз болды, ер-азаматқа тән емес! Бірден өшіріп тастады, еше!» – деп жазған ол.

Жазбаға Қайрат Нұртастың концерті кезінде сахнадан түсірілген фотосуреттер де тіркелген.

Бұған дейін концертке барған көрермендер стадионға кіреберісте қатты кептеліс болғанын, адамдар бірін-бірі таптап, кейбірінің жағдайы нашарлағанын жазған еді.

Ал музыканттың халықтың қиналғаны туралы сөз қозғап, оны күлкімен байланыстырып жазуы жаңа наразылыққа себеп болған.

 

Барлық жаңалықтар