Шымкентте өткен Қайрат Нұртастың концертінен кейін халықтың наразылығы басылар емес. Билет сатып алған көрермендер стадионға кіре алмай, бір-бірінің астында қалғандарын, кейбірінің құлап, жарақат алғанын жазуда. Тіпті 15 мың теңгеге билет сатып алғандар да өз орындарына жете алмаған. Ал кейбір тұрғындар ұйымдастырушылардан ақшаларын қайтаруды талап етіп жатыр, деп жазады Democrat.kz.
Threads желісінде Қайрат Нұртастың 10 қазанда Шымкентте өткен концертіне қатысты шағымдар жарияланып жатыр. Көрермендердің айтуынша, стадионның кіреберісінде болған кептеліс салдарынан адамдар бірін-бірі таптап, кейбірі жерге құлаған.
«Жүрек қысылып, әрең тұрдық, ауа жетпей, итеріп адамдар бір-бірін. Неге бұлай болды? Кім кінәлі? Белгісіз. Бірақ адам талатындай жағдай болды, өте ауыр шыны керек. Өте танымал әншінің концерті болғандықтан жауапкершілікпен қарап, басқа қалада өткен қателіктерді болдырмау керек еді деп ойлаймын», – деп жазды көрермендердің бірі.
Тағы бір тұрғын стадион қақпасының жабылып қалғанын, халықтың бір ғана тар есіктен кіруге мәжбүр болғанын жеткізген.
«Ужас болды, сөзім жоқ. Қақпаны жауып тастап, адамдарды қинады. Қайрат Нұртас бірінші өлеңін айтқанда давка басталып, адамдар қысылып, қатты қиналдық. Кішкентай бір адам ғана сиятын есіктен кірдік, қанша адам құлады. Садраддиннің концерті уровень екен, бәрін қадағалап, лишний адамды кіргізбеді. Ал мына жақта тіпті билет тексермеді. Осындай масштабтағы әншінің концертін дұрыстап өткізуге болмады?» – деп наразылық білдірген ол.
Концертке GOLD секторынан билет сатып алған көрермендер де ұйымдастыру жұмыстарына шағымданған.
«Біз ГОЛД сектордан алдық, ол жерде адам кіруі мүмкін емес. Билетті артығымен сатқансыздар», – деп жазған бір тұрғын.
Тағы бір көрермен GOLD секторына билет алғанымен, өз орнына жете алмағанын айтқан.
«Стадионға сиятын адамға ғана билет сату керек сол үшін, адам өте көп. Билет алдың не алмадың, не бәрібір болып қалды, голденге жете алмай "Г" деп қалып кеттік қой», – дейді ол.
Ал келесі жазбада билет құны мен адамдардың араласып кеткені туралы айтылған.
«Мен құладым. Билет тексерілмеді. Голд секторынан алдық, бірақ бронзер бар ма, басқасы бар ма, бәрі араласып кетті ғой», – деп жазған көрермен.
Билет тексеру жұмыстарына қатысты наразылық мұнымен шектелмеген.
«Билетті тексеріп жатқан адамды көрмедік, браслет алмақ түгілі. 15 мыңнан алдық, әйтпесе билетті. Қақпаны жауып қойды, 17:00 болды. Сонша адам келетінін біліп, барлық нюанстарды тексеру керек қой. Билет алғандар әрине кіргісі келді, солай недовольствосын білдірді! Организация 0! Ужасно!» – дейді тағы бір көрермен.
Ал келесі тұрғын Freedom арқылы билет сатып алып, қосымша төлем жасағанын жазған.
«Фридумнан алдық, 2100 теңге артық төленді. Голдқа жанатын браслет таққандар жүрді. Шоу сервис ужас», – деп наразылық білдірген ол.
Әлеуметтік желіде билеттің ақшасын қайтаруды талап еткендер де бар.
«Ақшамызды қайтарып беріңіздер!» – деп жазған желі қолданушысы.
Кейбір көрермендер концертке билеті болмай-ақ кірген адамдардың болғанын айтып отыр. Бұл жағдай да билет сатып алғандардың наразылығын туғызған.
«Біз мақұл билетпен кірдік, бізге обидно емес па? Билет алмай кіріп, рахатына концерт тамашалаған адамдарды таптап, өз иттігін істеп, бір-бірін ұрып жатқандар ше? Обал. Соншама жерден қызық көреміз деп қыршыннан кетіп жатыр, тіпті не айтарымызды білмейміз», – деп жазған көрермен.
Тағы бір әйел концерттің басталуына қатысты сұрақ қойған.
«Қақпаны бір сағатқа жауып тастады, не деген жауапкершілік жоқ! Show Service пен жұмыс істеушілеріңізді сұраймын, қанша ақшаға билет алдық, көргеніміз осы болды. Адамдарды кіргізбей концерт неге басталады? Адамдарға қарай су неге шашылды? Малға шашқандай? Адамның шыдамы неге таусылды? Көп күткендіктен», – деп ашуланған ол.
Желіде осы оқиғадан кейін Қайрат Нұртастың Шымкентте концерт өткізуіне қарсы пікір білдіргендер де кездеседі.
«Дәл осы жағдай Шымкентте болған. Осы жылы Наурызда Қайрат Нұртас келгенде дәл осылай болды. Мен өзім қатты давканың ортасында қалған адам ретінде айтайын. Бұдан кейін Қайрат Нұртас келудің керегі жоқ Шымкентке. Болмаса, организаторлар жұмыстарын дұрыстап жасауды үйреніңдер. Адамдар жабайылықтарыңды сәл басыңдар. Сол давкада қалғанда ойлап едім, адам өлімі болмаса екен деп, бірақ талып қалған адам...» – деп жазған желі қолданушысы.
Ал концертке барғандардың бірі көрермендердің бір-бірін итеріп, қысым жасаған әрекеттеріне де назар аударған.
«Біз билетпен кірдік. Бірақ билет алмай кіргендер де болды. Адамдарды таптап, бірін-бірі ұрып жатқандар ше?» – деп наразылық білдірген ол.
Көрермендер арасында концерттің ұйымдастырылуын өзге әншілердің концерттерімен салыстырғандар да бар. Олардың айтуынша, Садраддиннің концертінде көрермендер тәртіппен кіргізіліп, билетсіз адамдар өткізілмеген.
Шымкенттегі концерттен кейін жарияланған пікірлерде стадионға кіреберістегі қыспақ, билет тексерудің жүргізілмеуі, GOLD секторындағы адам көптігі, қақпалардың жабылуы және билет сатып алғандардың өз орындарына жете алмауы негізгі шағымға айналған.