«Қабір ашылып қалған»: Кеңсай зиратындағы тылсым оқиға жұртты елең еткізді

«Қабір ашылып қалған»: Кеңсай зиратындағы тылсым оқиға жұртты елең еткізді

Алматыдағы Кеңсай зиратында алты жыл күзетші болып жұмыс істеген адамның басынан өтті делінген тылсым оқиға әлеуметтік желіде тарады. Автордың баяндауынша, үш түн қатарынан болған түсініксіз құбылыстардан кейін күзетші жұмыстан кетуге шешім қабылдаған, деп жазады Democrat.kz.

Оқиғаны әлеуметтік желі қолданушысы Ержан Махамбетжан баяндаған.

Жазбада сөз болатын адам Кеңсай зиратында алты жыл бойы күзетші болып жұмыс істеген. Оның айтуынша, оқиға үш түнге созылған.

Бірінші түн тыныш өткен.

Ал екінші түні сағат екілер шамасында зираттағы иттер аяқ астынан үре бастаған. Ең қызығы — иттердің барлығы бір бағытқа қарап ұлыған.

Күзетші сыртқа шыққанда, жаңадан қойылған қабірдің басында ақ көйлек киген, шашы ұзын әйел отырғанын көреді.

Ол әйелге жақындап:

— Қызым, түнде мұнда не істеп отырсың? — деп сұрайды.

Алайда әйел жауап қатпаған. Беті анық көрінбеген, аяғының орнына томар тәрізді бір нәрсе байқалған.

Күзетші шошып, будкасына қарай қашып кеткен.

Таңертең қабір ашық жатқан

Ертеңгісін күзетші әлгі жерге қайта барған.

Жазба авторының айтуынша, кешегі әйел отырған қабірдің беті ашық жатқан. Ішінде ешкім болмаған. Жерленген адамның мәйіті де жоқ болып шыққан.

Оқиға орнына милиция шақырылып, бастапқыда әлдекім қабірді ашып, мәйітті алып кеткен болуы мүмкін деген болжам жасалған.

Алайда бейнебақылау камераларындағы көрініс одан да жұмбақ болған.

Жазбада түн ішінде қабірдің өздігінен ашылғаны, ішінен бір адамның шығып, зираттың ішіне қарай кетіп қалғаны айтылады.

Екінші түні жалғыз келген жоқ

Келесі түні сағат үш шамасында әлгі әйел тағы көрінген.

Бірақ бұл жолы ол жалғыз болмаған.

Автордың баяндауынша, оның соңынан ақ киім киген 20-30 адам еріп жүрген. Олардың аяқтары байқалмай, жерден шамамен он сантиметр биікте қалқып келе жатқандай көрінген.

Бәрі күзетшінің будкасына қарай беттеген.

Күзетші есігін ішінен жауып, Құран қосып қойған. Сырттағы адамдар будканы айналып, терезеге үңіліп жүрген.

Бұл көрініс таң атқанша жалғасқан.

Таңертең күн шыққан кезде олардың бәрі ғайып болған.

Соңғы түндегі ең қорқынышты сәт

Осыдан кейін күзетші жұмыстан кетуге шешім қабылдайды.

Бірақ оған соңғы рет түнгі кезекшілікті өткізу керек болған.

Сағат түнгі 2:45 шамасында будканың есігін біреу қағады.

Күзетші есікті ашпаған.

Сол кезде сырттан:

— Аға, ашыңызшы, мен тоңып тұрмын, — деген дауыс естіледі.

Ең үрейлісі — күзетші бұл дауыстың өз дауысы екенін аңғарған.

Терезеден қараса, сыртта дәл өзі тұр екен.

Үстіндегі киімі де, түрі де өзінікіндей. Бірақ көздері жоқ.

Сырттағы бейне:

— Мен сенмін. Үш күннен кейін сен мен боласың. Ашық, — деген.

Күзетші есінен танып қалған.

Таңертең оны басқа жұмысшылар тауып алған.

Автордың айтуынша, арада үш күн өткенде күзетші инсульт алып қайтыс болған. Кейін өзі бірнеше жыл күзеткен Кеңсай зиратына жерленген.

Жазбада осы оқиғадан кейін Кеңсай зиратында түнгі уақытта адам күзетшілік етпейтіні, бақылау камералары ғана қолданылатыны айтылады.

Әрине, бұл оқиғаның шынайылығын растайтын ресми дерек ұсынылмаған. Сондықтан оны дәлелденген оқиға емес, әлеуметтік желіде тараған тылсым әңгіме ретінде қабылдаған жөн.

Барлық жаңалықтар