«Бір қыз қайтыс болды»: Қайрат Нұртастың Шымкенттегі концерті үлкен дауға ұласты

«Бір қыз қайтыс болды»: Қайрат Нұртастың Шымкенттегі концерті үлкен дауға ұласты

Шымкентте өткен Қайрат Нұртастың концерті әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Концертке барған көрермендер стадионға кіреберісте адам төзгісіз кептеліс болғанын, жұрттың бірін-бірі таптағанын, тіпті кейбір адамдардың тынысы тарылып, есінен танып қалғанын жазуда. Желіде бір қыздың қайтыс болғаны туралы да ақпарат тарады. Алайда бұл мәлімет әзірге ресми расталған жоқ, деп жазады Democrat.kz.

Threads желісінде Шымкенттегі Қайрат Нұртастың концертіне қатысты наразылық білдірген жазбалар көбейді. Концертке барғандардың айтуынша, стадионға кірудің өзі үлкен сынаққа айналған.

«Қайрат Нұртастың концертінің ұйымдастырушылары — ПОЗОР! Концертке келдік пе, өлімге таласып келдік пе, түсінбей қалдық. Адамдар тапталып, талып, бір қыз тіпті қайтыс болыпты. Аяқтары сынып жатты келген халықтың. Билеті бар ма, жоқ па, қараған жоқ. Сонда біз билет сатып алған ақымақ болдық па? Концерт басталғанда қақпаны жауып қойды», – деп жазды концертке барғандардың бірі.

Тағы бір көрермен ұйымдастырушыларға ашық наразылығын білдіріп, стадионға кіреберістегі жағдайды сипаттаған.

«Шымкент! Концертке барамыз деп өліп кетуге сәл қалдық. Далаға кеткен ақшамыз! Ұйымдастырушылар өліп жоқсыңдар ғой. Қайрат Нұртас, бұл не деген сұмдық! Қақпаны таптап, итеріп, сындырып өтті халық соңында. Оны да қадағалап тұрған адам жоқ. Тапталып қалуға сәл қалдық. Сол күйі ашық қалдырды да кетті, билеті бары-жоғы, итім-құсым кіріп-шығып білгендерін істеді. УЖАС», – дейді ол.

Желі қолданушыларының сөзінше, қақпа алдында адамдардың көп жиналғаны сонша, кейбіреулердің тынысы тарылып, жағдайы нашарлаған.

«Адамдардың астында тапталып, ауа жетпей қысылып, кейбіреулердің жағдайлары нашарлап, сұмдық болды. Ұйымдастырушыларға сөзім жоқ, адам өмірі ойыншық болып қалды. 13 000 теңге үшін өліп кетуге сәл қалдық», – деп жазды тағы бір көрермен.

Басқа бір тұрғын да осы жағдайды растайтын пікір қалдырған.

«Бұл ужас, вообще позор. Адамдардың жағдайы нашарлады, бәрі таптады, бізді де. Кептеліс сұмдық болды. Билеттерді бір-екі адам тексеріп, әр адамға он минуттай уақыт жұмсады», – дейді ол.

Көрермендердің бірі қыспақтан шыға алмай, көз жасына ерік бергенін жеткізген.

«Аяғым темірге қысылып, қанап, жүре алмай қалдым. Ұйымдастырушылар ужас. Бұлай бармай-ақ қояйын концертке, жылап кірдім», – деп жазды әйел.

Тағы бір желі қолданушысы:

«Билет ала алмай, дұрыс фото-видео жасай алмай, қысылып-жабысып тұрдық. Жест! Орынды артығымен сата берген бе?» – деген сұрақ қойған.

Концертке кіргендер арасында да билет тексеру тәртібіне қатысты наразылық көп.

«Ұйымдастырушылар адам сияқты кіргізбеді, барлық есікті жауып тастады. Қанша қолында билеті бар адамдар тұрдық, күттік. Былтыр Алматыда бәрін дұрыс кіргізген. Билетсіз қаншама адам кірді осы жолы. Өзім тапталып, құлап қалдым. Өлген жерім осы шығар дедім. Тек есіктерді жауып салды, болды. Билетті тексеріп, кіргізіп жатқан адам жоқ!» – дейді концертке барған әйел.

Ал келесі көрермен бір сағаттан астам уақыт кезекте тұрғанын айтып, ақыры халықтың қыспағына тап болғанын жазған.

«Бір сағаттан аса кезекте тұрдық. Ұзыннан-ұзақ болып, жоқ дайында жүрген жігіттер келіп таптап, ана жерде не болғанын түсінбей қалдық. Аман-есен шыққанымызға рақмет. Концертті құрысын енді», – деп ашуланған ол.

Жазбаларда концерттің кеш басталғаны да айтылған.

«Концертте болдым, маған ренжімеңіздер, бірақ адамдар өздері кешігіп келді. 19:00-де басталатын концертіміз 19:47-де басталды. Мен 17:00-де сол жерде болдым. Соның өзінде стадионға адамдар жиналып қойды. Ұйымдастырушылар халық кіріп болғанда бастаймыз деді», – деп жазған көрермендердің бірі.

Ол сондай-ақ қайтыс болған қыз туралы тараған ақпаратқа күмән келтірген.

«Қыз қайтыс болды деп жатсыз, бірақ жаңа сол жерде болған бала Instagram-да қыз тірі деп жазды», – дейді ол.

Ал басқа желі қолданушылары қайғылы жағдай туралы естігендерін жеткізген.

«Бір қыз өмірден өтіп кетті, естідік», – деп жазған бір адам.

«Бір адам жүрегі тоқтап кетіп қалыпты», – дейді тағы бірі.

Алайда бұл пікірлерде айтылған өлім туралы ақпараттың ресми растамасы көрсетілмеген.

Әлеуметтік желідегі талқылауда кінәні тек ұйымдастырушылардан емес, көрермендердің өзінен көретіндер де бар.

«Қайраттың кінәсі емес қой. Ұйымдастырушылардың кінәсі. Ештеңе билетсіз неге барады халық?» – деген пікір жазылған.

Оған жауап берген жазба авторы:

«Қайратты кінәлап жатқан жоқпыз. Білдей Қайрат Нұртастың концерті болған соң, ұйымдастырушылардың немқұрайлы қарағанына таңғалдық!» – деп түсіндірген.

Тағы бір желі қолданушысы:

«Ұйымдастырушылар причём? Өздерің жабайы болсаңдар, құдай-ай», – деп жазған.

Бұл пікірге өзгелер қарсылық білдірген.

«Қалай причём? Кептелісті істеген кім, қақпаны жауып?» – деп сұраған бір тұрғын.

«Жоқ, бұл жерде басты қателік оларда емес сияқты. Бір-бірін таптап, аяқасты қылмай, тәртіппен кіруге болатын еді ғой», – деген қарсы пікір де бар.

Көрермендердің бірі концертке қатысқан адамдардың әрекетін сынға алған.

«Қайраттың аудиториясы сондай, біртүрлі адамдар. Төрт жыл концерт залында жұмыс істедім. Қайрат Нұртастың концерті болады дегенде жыным келетін. Себебі сені боқтап, емшектегі баласын арқалап ұшу болып жүреді. Былай айтқанда, мәдениеті аз», – деп жазған ол.

Ал басқа пікірлерде ұйымдастыру жұмыстары өзге концерттермен салыстырылған.

«Алдыңғы Шизаның концертінде бәрі ұқыпты, қатарға тізіліп тексеріп кіргізді. Ұйымдастыру жақсы болды», – дейді бір көрермен.

«Астанада болғанда тіпті ондай болмаған, әдемі кірдік қой», – деп жазған тағы бір адам.

Концерттен кейін ұйымдастырушылардан жауап талап еткендер де бар.

«Барлығын жинап, ерінбей әркім өз атынан E-өтініш арқылы ұйымдастырушылардың атына арыз жазыңдар! Егер өз-өздеріңді сыйласаңдар, солай істеңдер! Егер ляңгі болсаңдар, осылай тапталып жүре беріңдер! Тегін жерде ақша жоқ, алған жауапкершіліктерін адал атқару керек!» – деп жазылған пікірлердің бірінде.

Ал тағы бір жазбада концерт өткен стадионға қатысты наразылық айтылған.

«Как всегда, Шымкент, именно Қажымұқан стадионы — полный провал. Очень опасно туда идти на массовый концерт», – деп жазды желі қолданушысы.

Осылайша, Қайрат Нұртастың Шымкенттегі концертіне барғандардың бір бөлігі стадионға кіру кезіндегі қыспаққа, билет тексерудің дұрыс жүргізілмегеніне, адамдардың жарақат алғанына және ұйымдастыру жұмыстарына наразылық білдірсе, енді бір бөлігі жағдайдың ушығуына көрермендердің өздері де себеп болғанын алға тартқан.

 
Барлық жаңалықтар