Шымкентте өткен Қайрат Нұртастың концертінде болған дүрбелеңге байланысты Freedom Афиша ресми мәлімдеме жасады. Компания концерттің ұйымдастырушысы емес екенін айтып, көрермендерді кіргізу мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету өз жауапкершілігіне кірмейтінін мәлімдеді. Ал желі қолданушылары билетте көрсетілген орындар мен стадиондағы нақты жағдайға қатысты наразылық білдіруде, деп жазады Democrat.kz.
10 қазанда Шымкентте өткен Қайрат Нұртастың концертінде болған жаппай кептеліс әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Осыған байланысты билет сатумен айналысқан Freedom Афиша компаниясы арнайы мәлімдеме жариялады.
«10 қазанда өткен Қайрат Нұртастың Шымкенттегі концертінде кіреберісте дүрбелең (давка) туындады. Зардап шеккендер туралы жазбаларға біз де қатты алаңдаулымыз. Біз оқиғаның мән-жайын анықтап жатырмыз және бұл жағдай әсер еткен барлық көрермен үшін шын жүректен уайымдап отырмыз. Қазір ең маңыздысы – адамдардың денсаулығы мен қауіпсіздігі», – делінген мәлімдемеде.
Компания концертті ұйымдастыруға кім жауапты болғанын да түсіндірген.
«Концерттің ұйымдастырушысы – Show Service компаниясы. Freedom Афиша ұйымдастырушы мәлімдеген квота шеңберінде билет сатты, сондай-ақ алаңдағы билетті тексеру және білезік беру бойынша еріктілердің жұмысын ұйымдастырды. Ал алаңды дайындау, көрермендердің кіруін ұйымдастыру және күзет Freedom Афишаның жауапкершілік аймағына кірген жоқ», – деп жазылған хабарламада.
Freedom Афиша болған оқиғаның барлық мән-жайын объективті әрі ашық анықтауға тырысатынын жеткізді.
Сонымен қатар компания құқық қорғау органдарына көмектесуге дайын екенін мәлімдеген.
«Өз тарапымыздан құқық қорғау органдарына толық жәрдем көрсетуге және бізде бар барлық ақпаратты, соның ішінде іс-шараға дайындық материалдары және біздің команданың алаңдағы жұмысы туралы деректерді ұсынуға дайынбыз», – делінген хабарламада.
Компания мұндай жағдайлардың қайталанбауы үшін оқиғаның себептерін анықтауға қатысу маңызды екенін атап өткен.
«Біз жағдайды бірлесе талдауға және бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыру стандарттарын жетілдіруге қатысуға дайынбыз», – деп мәлімдеді Freedom Афиша.
Компания зардап шеккендер мен оқиға туралы ақпараты бар адамдарды өздеріне хабарласуға шақырды.
Олар үшін +7 771 936 53 53 телефон нөмірі мен help@ticketon.kz электронды поштасы көрсетілген.
«Тексерілген ақпараттың түсуіне қарай қоғамды хабардар етіп отырамыз», – деп аяқтаған компания мәлімдемесін.
Алайда бұл мәлімдеменің астында билет сатып алған көрермендер тарапынан наразылық айтылған.
«Сахнаның, отыратын секторлардың схемасын дұрысын жүктеңіздер сайтқа. Вип деп сатқан билеттеріңіз көретін обзоры жабық, баннер қойып қойған. Отыратын орын алып тұрып, тұрдық», – деп жазған көрермендердің бірі.
Бұған дейін концертке барған адамдар стадионға кіреберісте қатты кептеліс болғанын, кейбір көрермендердің қысымнан жарақат алғанын, билеттердің дұрыс тексерілмегенін айтып шағымданған болатын.
Енді Freedom Афиша компаниясы концертті ұйымдастырушы Show Service екенін, ал өзінің міндеті билет сату мен билеттерді тексеруге көмектесетін еріктілердің жұмысын ұйымдастыру болғанын мәлімдеп отыр.