Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу емтихандарына қатысты жаңа талаптар күшіне енді. Енді үш рет сәтсіз тапсырған азаматтар келесі әрекеттері үшін ақы төлейді. Ал емтихан кезінде тыйым салынған электрондық құрылғыларды пайдаланғандар бір жыл бойы қайта тапсыру құқығынан айырылуы мүмкін, деп жазады Democrat.kz.
Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу үшін теориялық және практикалық емтихан тапсыру тәртібі жаңартылды.
Өзгерістер Ішкі істер министрінің 2026 жылғы 5 қазандағы №701 бұйрығымен бекітілген.
Жаңа талаптар 9 қазаннан бастап қолданыла бастады.
Енді жүргізушілікке үміткер азаматтар бос орындардың болуына қарай теориялық немесе практикалық емтихан тапсыратын күнді, уақытты және орынды өздері таңдай алады.
Алғашқы сәтсіз әрекеттен кейін келесі емтиханды келесі жұмыс күніне белгілеуге мүмкіндік бар.
Егер азамат теориялық немесе практикалық емтиханнан екі рет өте алмаса, келесі әрекетке кемінде 10 күнтізбелік күн өткеннен кейін жіберіледі.
Бұған дейін бұл мерзім бір ай болған.
Үш рет сәтсіз тапсырған азаматтар үшін маңызды өзгеріс енгізілді.
Төртінші және одан кейінгі әрекеттер мемлекеттік корпорация белгілеген тариф бойынша ақылы болады.
Сонымен қатар әр келесі емтихан арасындағы ең төменгі күту мерзімі 10 күн болып белгіленген.
Емтихан кезіндегі тәртіп бұзушылықтарға да қатаң талаптар енгізілді.
Мысалы, теориялық емтихан барысында басқа адамдармен ақпарат алмасуға, қағаз немесе электрондық материалдарды пайдалануға және тыйым салынған байланыс құрылғыларын қолдануға болмайды.
Мұндай жағдай анықталса, емтихан тоқтатылып, азаматқа «тапсырмады» деген баға қойылады.
Ол теориялық емтиханды қайта тапсыруға 12 айдан кейін ғана жіберіледі.
Бұған дейін бұл шектеу үш ай болған.
Сонымен бірге емтихан нәтижесіне келіспейтін азаматтардың шағымын қарау тәртібі нақтыланды.
Апелляцияны кемінде үш адамнан тұратын комиссия қарайды.
Жаңа ережелер емтихан өткізу тәртібін ашық етуге және заңсыз көмек көрсету жағдайларының алдын алуға бағытталған.