Тараз қаласы Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназия директорының бұрынғы орынбасары Назгүл Бектасова жанайқайын айтып, Премьер-министрдің орынбасарынан, Оқу-ағарту министрлігінен, Бас Прокуратурадан араша сұрап отыр. Себебі жергілікті биліктен, аймақтағы білім саласына жауапты органдардан үмітін үзген деп жазады Democrat.kz. сайты jurnalist.kz.-ке сілтеме жасап.
Білім ордасындағы дау жылдың басынан басталған. Гимназиядағы заңсыздықтарды айтып мұғалімдер мен ата-аналар тобы мектеп басшылығының үстінен арыз жазған. Педагогтердің шағымынан кейін Тараз қалалық білімі бөлімінен арнайы комиссия келіп, тексеріс жасапты.
Бірқатар кемшілік анықталған. Оның ішінде оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастыру процесінде, кадрларды жұмысқа қабылдау, үй жағдайында білім алатын балалардың сабағы, қызметкерлердің жүктемесін бөлуде қателіктер дәлелденіп, 4 адамның қызметіне қатысты 19 беттік шешім шығарған. Олар гимназия директоры Н.Сейдахметов, директордың орынбасары, С.Бақтыбева, іс-жүргізуші Ж.Есенбекова және бізге шағымданған директордың бұрынғы орынбасары Н.Бектасова.
Зерделеу тобының шешімінде бірнеше заңсыздық көрсетілген. Әсіресе, кадр саясатында. Бір ғана мысал. Дене шынықтыру пәні мұғалімінің лауазымы бойынша әлеуметтік желіде, enbek.kz сайтында конкурстың 15 қаңтарда өтетіні жарияланса, хаттамада 13 қаңтарда өтті деп көрсеткен.
Іріктелген ұстаздың наркологиялық, психологиялық анықтаманы 18 қаңтар алғаны белгілі болыпты. Ал өзі 14 қаңтарда жұмысқа қабылданып қойған.
Осындай 12 адамның құжатына, жұмысқа қабылдануына қатысты заңсыздықтар анықталып, зерделеу тобы кадрлық саясат, құжат жүргізу, нормативтік талаптарды сақтауда жүйелі кемшіліктер бар екенін дәлелдеген.
Мәселен, үйірмелер өткізілмей, жалған құжаттар толтырып, қаржы жымқыру әрекеттері де анықталған. Директор мен іс-жүргізуші екі тоқсан бойы сабақ өткізбей, айлық алыпты. Мұның сыртында іс-жүргізуші Ж.Есенбекова үйірмелерін өткізбегенімен қоймай, әлдекімдердің орнын алмастырып, “сабақ бердім” деп 14 сағаттың ақшасын алған. Ал оқу ісі жөніндегі орынбасар Бақтыбаева өзінің 1,5 ставкасының үстіне 48 сағат «замена» яғни біреулердің орнына сабақ бергені үшін жалақысына ақша қостырған. Назгүл Бектасованың сөзінше, мұндай жүктемені бір адам бір айдың ішінде атқара алмайды екен. Физикалық тұрғыда да мүмкін емес, дейді.
Алайда, директордың бұрынғы орынбасары Назгүл Бектасова ғана жұмыстан шығарылған. Қалғандары өрескел қателіктер жасай тұра, қызметтерін жалғастырып жатыр.
Осы білім ордасында 13 жыл директордың орынбасары болған Назгүл Бектасова әлеуметтік желіге жарияласа да қалалық білім бөлімі заңсыздыққа жол берген қызметкерлерді әлі ұстап отыр. Назгүл Бектасова олардың, әсіресе директордың орнынан кетуін талап етіп отыр.
Осы мәселе бойынша Жамбыл облысықтық білім басқармасының баспасөз қызметіне хабарластық. «Мән-жайды анықтап алайын» деп жауап қатты. Облыс әкімінің білім саласына жауапты орынбасары Серік Сәлемовтің өзіне және көмекшісіне қоңырау шалдық. Жауап болмаған соң мәселені айтып, WhatsApp-қа аудио хабарлама жолдадық. Әзірге жауап келмеді.