«Қазақмыс» тобының кәсіпорындары республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қосылып, өз қызмет жүргізетін өңірлерде ауқымды сенбіліктер легін бастады, деп хабарлайды democrat.kz.
Экологиялық шаралар сәуір мен мамыр айлары аралығында өтеді. Осы кезеңде өндірістік алаңдарда және елді мекендерде апта сайын аумақтарды тазалау мен абаттандыру жұмыстары ұйымдастырылады.
Компания тек өндіріс аумағындағы тәртіппен шектелмей, қалалық ортаның тазалығына да басымдық беріп отыр. Акция аясында «Қазақмыс» қызметкерлері көшелерді, іргелес аумақтарды және қоғамдық кеңістіктерді тазалау жұмыстарына белсенді қатысуда.
Негізгі жұмыстар 2–4 сәуір күндері Жезқазған, Қарағанды, Сәтбаев және Балқаш қалаларында өтті. Ауқымды сенбіліктерге «Қазақмыс» корпорациясы, Kazakhmys Smelting, Kazakhmys Maintenance Services, КЛМЗ (Maker), Kazakhmys Barlau, корпоративтік колледждер, ZhezAir және Жезқазған медициналық орталығының 1100-ден астам қызметкері жұмылдырылды. Сонымен қатар 100-ге жуық арнайы техника тартылып, шамамен 95 тонна қоқыс жиналып, шығарылды.
Шара барысында өндірістік аумақтар мен жол инфрақұрылымы тазартылып, қалдықтар жиналып шығарылуда. Сондай-ақ көгалдандыру жұмыстарына дайындық жүргізіліп, ағаш отырғызуға қажетті топырақ әзірленуде. Арнайы техника қолдану ірі көлемдегі қалдықтарды жедел шығаруға мүмкіндік беріп отыр.
«Таза Қазақстан» акциясына қатысу – компанияның жүйелі экологиялық саясатының бір бөлігі. Мұндай сенбіліктер тек тазалықты сақтауға ғана емес, қоғамда қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.