Темірланды тасада қалдырып, Шерханға сыйлық беріп ұялттық

Темірланды тасада қалдырып, Шерханға сыйлық беріп ұялттық
Танымал журналист, қоғам қайраткері Ахмет Өмірзақ дүбірлі футбол додасында тасада қалып қойған Темірлан Анарбековке қатысты өзекті мәселені ойып тұрып айтты деп жазады Democrat.kz.
 
"Шашырап жатқан көп халықты біріктіріп, Герман империясына айналдырған Отто фон Бисмарктің бүкіл әлем қайталаудан жалықпайтын әділетті бір сөзі бар, "Революцияны данышпандар дайындайды, жүрек жұтқандар іске асырады, ал қызығын қулар көреді" деген.
 
Адамзат қоғам құрып, халық болғалы, ұлтқа айналғады осы ақиқат өзгерген емес! Өзгермейтін де шығар...
 
Ең қызығы, бұл ақиқат қоғамның қай саласында болса да қайталана береді. Бізде де солай... Айналдырған бір-екі айдың ішінде жоғарыда айтылып кеткен Бисмарк тұжырымының біздің спортымызда да көрініс тапқанына қарап, әділетсіздіктің жалғаса беретініне тағы көзіміз жетті...
 
Осы уақытқа дейін постсоветтік аумақтан шығып, Еуропа футболының аламан додасына ұмтылған талай команданың жолын кесіп келген шотландтық Сельтик командасының сағын сындырған "Қайрат" командасы тұңғыш рет чемпиондар лигасына жол тартты.
 
 "Сельтик" пен "Қайрат" ойынның негізгі уақытында бір бір-біріне гол сала алмай, пенальтиде күш сынасуға мәжбүр болды. Міне, сол пенальти қазақ футболы тарихында жарқын оқиға болып, қазақтың футбол ойнай алатынын көрсеткен-ді.
 
Пеннальтиде бар күш бір адамға - қақпашыға түседі. Сонда - Темірлан Анарбеков бір өзі қасқайып қақпада тұрып, өз қақпасына қарай тебілген 5 доптың үшеуін аса әбжілдікпен қағып жіберіп өзінің, командасының ғана емес, қазақ футболының абыройын қорғап қалды!
 
Жұлдызы жанды, атағы шықты, әлемге танылды! Жан-жақтағы тілеулес елдің бәрі қазақты шын жүректен құттықтап жатты. Футбол мамандары таңдай қақты.
 
"Қайраттың" тарихи жеңісінен кейін «Astana Motors» компаниясының негізін қалаушы Нұрлан Смағұлов команданың бас бапкері Рафаэль Уразбахтинге су жаңа Hyundai Palisade көлігін, ал пенальтиде үш соққыны қайтарып жеңістің негізгі авторы болған қақпашы Темірлан Анарбековке Apple MacBook сыйлады!
 
Ненің не екенін білетін ел сыйлық жасаған "мырзаны" сынап, көліктің кімге лайық екенін айтып біраз ашуланып басылды.
 
Расында, сыйлық лайықты адамына берілмесе оның не қадірі бар? Шынына келгенде, "Қайраттың" бас қақпашысы Александр Заруцкий еді, ал Темірлан - Александр жарақат алып қалған соң ғана ойынға шыққан болатын.
 
Бірақ құдай бақ берейін десе дауа жоқ қой, сөйтіп қазақ футболы үшін ең шешуші сәтте Анарбековтің аруағы асып, даңққа бөленді.
 
Дегенмен қырсық аяқ астында, әлгі елге ерекше қуаныш сыйлаған матчтан кейін "Қайрат" пен "Ақтөбе" арасындағы кездесуде Темірлан «Ақтөбе» ойыншысы Жайро Жанмен соқтығысып, жақ сүйегін сындырып алып, ауруханаға түсіп қалды.
 
Бұл да керек адамды сақтауға ақылы жете бермейтін біздің бастықсымақтардың қатесі ғой, әйтпесе, халықаралық деңгейдегі ойында тамаша нәтиже көрсеткен спортшыны ауыл арасының тартысына салмай, оны маңызды ойынға сақтауға болмас па еді?!.
 
Осы бір, соншалық ақыл талап етпейтін нәрсе маманмын деп жүргендердің миына кірмесе не дейсің енді...
 
Сөйтіп, Темірланның ерлігі арқасында көп жұрт тек теледидардан ғана көріп жүрген футбол әлемінің аңызы Реал Мадрид командасы елімізге аяқ басты. Сөйтіп бір сәт әлемнің назары Алматыға ауды.
 
Реал Мадрид жалғыз келген жоқ, қаптаған жанкүйерлерімен келді. Команданың өзі Интерконтиненталь қонақ үйін тұтастай жалға алып, оған жарты миллион доллардан артық ақша төледі.
 
Жанкүйерлері де қонақүйлерге ақша төлеп, біраз кәсіпкердің қалтасына қомақты қаражат түсті. "Реал" мен "Қайраттың" ойынын көруге стадионға жиналғандардан түскен қаражат өз алдына...
 
Айтып-айтпай не керек, "Қайраттың" атақты испандық клубпен болатын ойыны алдында Алматының отелдерінің 80 пайызы толып қалған, жалдау ақысы болса 40 пайызға дейін көтеріліп кеткен! Жалдамалы 1 бөлмелік пәтерлердің бір күндік ақысы 15 мыңнан 35 мыңға бір-ақ көтерілген.
 
Стадионға жақын жердегі үйлер ойын кезінде балкондарын 120 мың теңгеге беретіні жайында хабарландыру жасаған. Әшейінде күніне 40 мыңнан артық жолаушы таси бермейтін Алматы метросы ойын болатын күні 143 мыңдай жолаушы тасыпты!
 
Сол ойынның себебімен Алматыға 5 миллиард теңгедей пайда түседі деп жатыр еді, мүмкін одан да көп шығар!
 
Міне, осыншама қаржының ел бюджетіне түсуіне бір ғана адам себепші болды емес пе? Ал оның еңбегін бір ғана макбукпен бағаладық!..
 
"Қайрат" пен Реал Мадридтің ойынында жан сала ойнаған Шерхан Қалмырза қанша тырысса да 5 гол өткізіп алды.
 
Әрине жас бала, тәжірибесі толыспаған, оның үстіне атақты командаға қарсы ойнады. Десек те, оның қайсарлығын бағаладық, жұбаттық, "бұдан да көп гол өткізіп алу қаупі бар еді, содан аман алып қалдың" дедік. Бәрі жөн, бәрі дұрыс.
 
Бірақ Шерхан мұның алдындағы ойында да 4 гол жіберіп алып еді... Соған қарамастан оны қолдадық. Кешелері оған бір бизнесмен Exeed көлігін сыйға тартты. Берсін, біреудің біреуге жасаған сыйын қызғанамыз ба!
 
Бірақ бар ғой... қазақ футболының абыройын қорғап қалған, қорғап қана қоймай елімізге Реал Мадридтің келуіне, 5 миллиардтай қаржы құйылуына себеп болған Темірлан Анарбековтің еңбегін лайықты бағаламауымыз қалай болды?
 
Тым болмаса, сол баланың арқасында миллиондап ақша тапқан бизнесмендер ойланбай ма? Әшейінде футбол көрмейтін қалталылардың өзі өз аяғымен келген Реал Мадридті көремін деп стадионды иеленіп алып, нағыз жанкүйерлерді сыртта қалдырғанын ұмытып кетті ме? Біз ше?
 
Шынайы батырдың ісін ұмытып, соның арқасында аты шыққандарды төбеге көтеріп, көрген қызығымыздың кімнің арқасында болғанын жадымыздан тез шығарсақ... кім болғанымыз?
 
P.S. Шерханның анасы баласын мақтап жатқандарға сыпайы түрде алғыс айтып, ұлын асыра бағалай бермеңіздер деп өтініпті. Есі бар екен.
 
Шерханның өзі ойыннан соң командасының жеңіліс тапқанына ренжіп тұрғанын көрсетті. Ал өзіне автокөлік сыйлағанда қатты ұялып тұрғаны көрінді. Есі бар екен. Біз оған сый беріп ұялттық...
 
Бұл әрекетіміз басқаларға қазақты жақсы жағынан көрсеткен жоқ. Ресейлік ЦСКА командасының қақпашысы Владислав Тороп "мен 5 гол өткізіп алсам, сыйлықты алмас едім" депті..." Деп жазды Ахмет Өмірзақ.
Барлық жаңалықтар