"Тізімде жоқ": Тағы бір сарбаз аман қалғаны рас па?

"Тізімде жоқ": Тағы бір сарбаз аман қалғаны рас па?

Каспийдегі қайғылы оқиғадан кейін Айнар Ахметовті аман қалғандар қатарынан көрмеген туыстары дабыл қақты. Алайда Қорғаныс министрлігі сарбаздың жаттығу кезінде жағалауда оқу тапсырмасын орындағанын мәлімдеді, деп жазады Democrat.kz.

Қорғаныс министрлігі Каспийдегі әскери оқу-жаттығуға қатысқан Айнар Асхатұлы Ахметовке қатысты түсінік берді.

Ведомствоның Tizgin.kz сауалына берген жауабында мерзімді қызметтегі матростар Ахметов А.А. мен Магауия А.А.-ның жаттығу кезінде жағалауда оқу тапсырмаларын орындағаны айтылған. Министрліктің мәліметінше, екі әскери қызметші де қазір қызметін жалғастырып жатыр.

Бұған дейін профессор Дәметкен Сүлейменова әлеуметтік желіде туысы Айнар Ахметовтің Каспийдегі оқиға кезінде өз күшімен жағаға жеткенін жазған еді.

Сүлейменованың айтуынша, сарбаз жанындағы әскери қызметшіге көмектесуге тырысқан, алайда оны жағаға алып шыға алмаған. Профессор Айнардың Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы Тоғанас елді мекенінің тумасы екенін де жеткізді.

Оның жазуынша, отбасы сарбазбен ұзақ уақыт байланыса алмай, тек кіші қарындасы онымен бір-екі минут сөйлескен. Қарындасы сол қысқа әңгіме кезінде Айнардың дірілдеп, ойын дұрыс жеткізе алмай тұрғандай әсер қалдырғанын айтқан.

Осыдан кейін туыстары Айнардың аты неге аман қалған үш әскери қызметшінің ресми тізімінде жоқ деген сұрақ көтерді.

Қорғаныс министрлігінің кейінгі түсіндірмесіне қарағанда, Айнар Ахметов ашық теңізге ағып кеткен 17 әскери қызметшінің қатарына кірмеген. Сондықтан оның аты теңізден аман қалған үш сарбаздың тізімінде көрсетілмеген.

Алайда профессордың «Айнар өз күшімен жағаға жетіп, жолдасына көмектесті» деген мәліметі министрліктің «жағалауда тапсырма орындады» деген нұсқасымен қабыспайды. Ведомство бұл қайшылыққа қатысты әзірге бөлек түсінік берген жоқ.

Ресми мәлімет бойынша, 24 қыркүйектегі оқу-жауынгерлік тапсырма кезінде ауа райы күрт бұзылып, 17 әскери қызметшіні ашық теңізге алып кеткен. Олардың үшеуі аман қалып, 14 әскери қызметші қаза тапты.

Аман қалған Бекет Қуандық, Ақжол Темірхан және Никита Удалов 27 қыркүйекте Президент Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

Осылайша, Айнар Ахметовтің аман екені және әскери қызметін жалғастырып жатқаны хабарланды. Бірақ оның оқиға болған сәтте нақты қай жерде болғаны жөніндегі екі түрлі мәліметтің қайсысы шындыққа сәйкес келетіні әзірге анықталған жоқ.

Тірек сөздер: Каспий теңізі, Айнар Ахметов, әскери жаттығу, Қорғаныс министрлігі, Дәметкен Сүлейменова, аман қалған сарбаздар, Батыс Қазақстан облысы.

Барлық жаңалықтар