"10 күн уақыт берді": Мемлекет басшысы қатаң талап қойды

"10 күн уақыт берді": Мемлекет басшысы қатаң талап қойды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Қарулы күштерін қазіргі қауіп-қатерлерге бейімдеп, түбегейлі реформалауды тапсырды. Қауіпсіздік Кеңесінің аппараты мен Қорғаныс министрлігі 10 күн ішінде нақты әскери реформа жоспарын әзірлеуі тиіс деп жазады Democrat.kz. 

27 қыркүйекте Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамымен өткен кеңесте Мемлекет басшысы армиядағы ескі тәсілдердің енді жарамайтынын ашық айтты.

Тоқаевтың сөзінше, Қазақстан армиясы басқару, технология және кадрлық саясат тұрғысынан терең жаңғыруы керек.

«Біздің армия өткен ғасырда қалып қойған», – деді Президент. 

Ол қолбасшылық жүйесін халықаралық үздік тәжірибеге сай қайта құру қажет екенін атап өтті. Сонымен бірге армияда цифрлық трансформация жүргізіп, мүмкін болған жерде адам факторын технологиямен алмастыруды тапсырды. 

10 күн ішінде нақты жоспар болуы керек

Президент Қауіпсіздік Кеңесінің аппараты мен Қорғаныс министрлігіне 10 күн ішінде әскери реформа жоспарын дайындауды міндеттеді.

Бұл құжат ұзын-сонар тұжырымдама немесе формалды «жол картасы» емес, нақты, кезең-кезеңімен орындалатын жоспар болуы тиіс. Реформа жоспары қазан айының екінші жартысында өтетін Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында қаралады. 

Командирлер «өз адамы» болғаны үшін емес, білімі үшін тағайындалуы тиіс

Тоқаев кадр мәселесіне де жеке тоқталды.

Оның айтуынша, әскери басшылық қызметтерге адамдар жеке адалдығына қарай емес, тәжірибесі мен кәсіби біліктілігіне қарай тағайындалуы керек. Осыған байланысты кадрларды іріктеу мен бағалаудың ашық критерийлерін енгізу тапсырылды. 

Армиядағы ақша да қайта қаралады

Реформаның тағы бір бағыты – бюджет қаражаты.

Президент қорғанысқа бөлінетін әрбір теңге нақты нәтиже беруі керек екенін айтты. Мақсатсыз шығын мен қаржыны талан-таражға салуға жол берілмейтінін ескертті. 

Әскер қорқыныш орны болмауы керек

Тоқаев әскери қызметтің тәрбиелік сипатын күшейту қажет екенін де айтты.

Оның сөзінше, армия жас сарбаз үшін үрей мен қорқыныш туғызатын орта емес, кәсіби білім беретін, патриотизмге тәрбиелейтін институтқа айналуы керек. Ең бастысы – әрбір әскери қызметшінің өмірі мен қауіпсіздығы абсолютті басымдық болуы тиіс. 

Мемлекет басшысының бұл тапсырмалары Маңғыстаудағы оқу-жаттығуда 14 әскери қызметші қаза тапқан трагедиядан кейін берілді. Кеңес те сол сарбаздарды бір минут үнсіздікпен еске алудан басталған.

Барлық жаңалықтар