"Мұғалімдер күні": Ата-аналар не сыйлағысы келеді, ал мұғалімдер қандай сыйлық алғысы келеді?

"Мұғалімдер күні": Ата-аналар не сыйлағысы келеді, ал мұғалімдер қандай сыйлық алғысы келеді?

Мұғалімдер күні жақындаған сайын әлеуметтік желілерде «ұстазға не сыйлаймыз?» деген сұрақ қайтадан қыза бастады. Алайда мұғалімдердің өздері қымбат сыйлықтан гөрі демалыс, тыныштық, сыйақы, тіпті кәдімгі тұрмыстық затты қалайтынын әзілмен айтып жатыр. Ал ата-аналардың арасында гүлден бастап пайдалы сыйлыққа дейін түрлі ұсыныс айтылуда деп жазады Democrat.kz.

5 қазанда аталып өтетін Мұғалімдер күніне санаулы күн қалғанда Threads пен басқа әлеуметтік желілерде ұстаздардың мерекеден не күтетінін сұраған жазбалар көбейді.

Бір мұғалім:

«Мұғалімдер күнінен не күтесіңдер?» – деп сұраған.

Жауаптардың бірі бар болғаны бір сөзден тұрады:

«Тыныштық».

Тағы бір қолданушы одан да батыл тілек айтқан:

«Үш күн демалыс берсе ғой».

Жазба авторы бұл пікірге кішкентай кезіндегі мәз болып тұрған қыздың суретімен жауап берген. Яғни ұстаз үшін үш күндік демалыс кейде кез келген сыйлықтан артық болуы мүмкін деген әзіл әлеуметтік желі қолданушыларына ұнаған.

«Ашық хаттан басқа ештеңе керек емес»

Тағы бір мұғалімнің жауабы тіпті қарапайым:

«Открыткадан басқа ештеңе керек емес».

Ал пікір астында бір қолданушы гүл де, сертификат та қажет емес екенін әзілмен жеткізіп:

«Гүл алуға болмайды, ескерту айтуға болмайды, түсті принтерден гүлдің суретін шығарып әкелсе де риза болып...» – деп жазған.

Бұл жауаптардан мұғалімдердің бір бөлігі мерекені міндетті сыйлық науқанына айналдырғысы келмейтіні байқалады.

«Сковородка алсаңызшы»

Дегенмен бәрі бірдей «ештеңе керек емес» деп отырған жоқ.

Бір пікір иесі:

«Сковородка», – деп қысқа жауап берген.

Жазба авторы:

«Қандай?» – деп сұрағанда, басқа пікірде мұғалім өзінің былтыр сондай таба алғанын көрсеткен.

Осылайша қымбат гүл шоғы мен сәнді сувенирдің орнына үйде шынымен пайдаланылатын тұрмыстық сыйлықты қолдайтындар да бар.

Мұғалімдердің көбі сыйлық емес, сыйақы күтеді

Әлеуметтік желілердегі тағы бір үлкен тақырып – премия.

Бір мұғалім:

«Ауыр-ауыр кәсіби мерекенің бәрінде сол күні премия алып жатады», – деп жазған.

Басқа пікірде:

«Биыл премия да, кәсіподақтан сыйлық та жоқ. Сондықтан ештеңе күтпеймін», – делінген.

Мұғалімдер күні қарсаңында әлеуметтік желіде «премия бола ма?» деген сұрақтың жиі қойылып жатқаны да байқалады. Бұған дейін ұстаздардың бірі «үмітіміз 30 мың болып мөлтеңдеп отыр» деп әзілдеген еді.

Алайда Қазақстан бойынша барлық мұғалімге міндетті түрде бірдей көлемде мерекелік сыйақы төлеу туралы ортақ норма жоқ. Жергілікті органдар мен білім беру ұйымдары педагогтерді қосымша ынталандыра алады, бірақ оның мөлшері мен берілуі өңір мен ұйымға байланысты. 

Ал ата-аналар не бергісі келеді?

Ата-аналар жағындағы пікірлер де әртүрлі.

Бір тарап мұғалімге гүл, тәтті, тұрмыста қажет болатын шағын сыйлық немесе естелік бергенді жөн көреді. Екіншілері сынып болып ақша жинауға үзілді-кесілді қарсы.

Әлеуметтік желідегі соңғы пікірталастардың бірінде ата-аналар «ақша жинау міндетке айналмауы тиіс» деген пікір айтса, басқа қолданушылар өз еркімен берілген сыйлықты да жаман нәрсе ретінде көрсету дұрыс емес деп қарсы уәж келтірген. 

Яғни биылғы әлеуметтік желідегі көңіл күйге қарасақ, Мұғалімдер күніне қатысты екі түрлі тілек анық байқалады: ата-ана мұғалімге алғысын білдіргісі келеді, ал мұғалімдердің біразы қымбат сыйлықтың орнына тыныштық, демалыс немесе еңбегіне сай сыйақы болғанын қалайды.

Тіпті бүкіл пікірталасты бір мұғалімнің қысқа ғана жауабы түйіндегендей:

«Тыныштық».

 

Барлық жаңалықтар