Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстаудағы оқу-жаттығуда 14 әскери қызметшінің қаза болуына байланысты Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамымен жиын өткізіп, армиядағы жағдайға өте қатаң баға берді. Мемлекет басшысы қайғылы оқиғаны офицерлер мен генералдардың «қылмыстық сипаттағы кәсіби біліксіздігінің» салдары деп атады деп жазады Democrat.kz.
Президент жиынды қаза болған 14 әскери қызметшіні бір минут үнсіздікпен еске алудан бастады. Ол марқұмдардың ата-аналарына көңіл айту жеделхаттарын жолдағанын айтып, әр отбасы мемлекет қамқорлығында болатынын мәлімдеді.
Алайда бұдан кейін Мемлекет басшысы әскердегі қордаланған мәселелерге тоқталып, Қорғаныс министрлігінің бұрынғы басшылығы мен жауапты офицерлердің жұмысына өте өткір сын айтты.
«Әскердегі бұрыннан келе жатқан проблемалар жылдан-жылға шешілмей келеді. Өткен трагедиялардан ешқандай сабақ алынбаған», — деді Президент.
Тоқаев оқу-жаттығудың жоспарын кім әзірлегенін, оны кім бекіткенін, Бас штабтың үйлестіру жұмысы қандай болғанын және неге жаттығуда Әскери-теңіз күштерінің Бас қолбасшысы болмағанын анықтауды талап етті. Президент жауапсыздық, салғырттық пен «көзбояушылық» әскерде қалыпты құбылысқа айналғанын айтып, дағдарыстық жағдайларға әрекет ету жоспарлары сын көтермейтінін мәлімдеді.
Сарбаздарда құтқару кеудешелері болмаған
Мемлекет басшысы Маңғыстаудағы оқу-жаттығуға қатысқан әскери қызметшілер қажетті жабдықтармен толық қамтамасыз етілмегенін де ашық айтты. Оның ішінде теңіздегі оқу-жаттығу кезінде сарбаздарда қажетті құтқару кеудешелерінің болмағаны аталды.
Президент барлық жауапты лауазымды тұлғалардың әрекетіне баға берілуге тиіс екенін айтып, адамның әскери шені немесе қызметтік лауазымы жауапкершіліктен босатуға негіз бола алмайтынын ескертті. Қорғаныс министрлігін тексеретін арнайы комиссия армиядағы қызметті ұйымдастыру, жабдықтау, материалдық және қаржылық қамтамасыз ету мәселелерін түгел қамтымақ.
«Әскер өткен ғасырда қатып қалды»
Тоқаевтың ең қатаң мәлімдемелерінің бірі армияның қазіргі жағдайына қатысты болды.
«Біздің армия өткен ғасырда қатып қалды», — деді Президент.
Ол әскери басқару жүйесін халықаралық озық тәжірибеге сай түбегейлі қайта құру қажеттігін айтты. Президенттің сөзінше, әскерде шаблонды шешімдер, «көрсетілім үшін жасалатын» маневрлер мен әдемі есептер емес, нақты нәтиже болуы керек.
Командирлер жеке адалдықпен емес, біліктілігімен таңдалуы керек
Президент кадр мәселесіне де арнайы тоқталды. Бұдан былай командалық қызметтерге офицерлерді тағайындау кезінде олардың жеке біреуге адалдығы емес, кәсіби тәжірибесі мен біліктілігі негізгі өлшем болуы керек екенін айтты.
Сонымен қатар Қорғаныс министрлігіне бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін түбегейлі арттыру тапсырылды. Тоқаев мақсатсыз шығын мен ұрлыққа жол берілмейтінін және мұндай әрекеттер үшін жауапкершіліктен ешкім құтыла алмайтынын мәлімдеді.
Қазақстанда әскери реформа басталмақ
Президент армиядағы жағдайды тек кадрлық ауыс-түйіспен шектеуге болмайтынын айтып, түбегейлі әскери реформа жүргізуді тапсырды.
Қауіпсіздік Кеңесінің аппараты мен Қорғаныс министрлігі 10 күн ішінде әскери реформаның нақты жоспарын әзірлеуі тиіс. Құжат Қауіпсіздік Кеңесінің қазан айының екінші жартысында өтетін отырысында қаралады.
Тоқаев реформаның түпкі мақсаты — жаңа үлгідегі армия құру екенін атап өтті. Әскерді цифрлық трансформациядан өткізу, технология қолдануға болатын жерде адам факторын азайту және әрбір әскери қызметшінің өмірі мен қауіпсіздығын сөзсіз басымдық ету тапсырылды.