Әлеуметтік желіде белгілі сатирик, «Шаншар» театрының жетекшісі Уәлибек Әбдірайымовтың жары Жанар Қалибекова қайтыс болды деген ақпарат тарап, көпшілік жаппай көңіл айта бастаған. Алайда бұл хабардың жалған екені белгілі болды. Оқиғадан кейін желі қолданушылары «өлім туралы хабарды тексермей таратуға болмайды» деп наразылық білдіріп жатыр деп жазады Democrat.kz.
TikTok-та тараған видеода Жанар Қалибекованың қайтыс болғаны, тіпті оның «жаназасы өтетіні» туралы нақты уақытқа дейін жазылған. Жазбада Уәлибек Әбдірайымовтың атынан айтылғандай мәтін құрастырылып, отбасы жайлы бірқатар дерек те қосылған.
Осындай егжей-тегжей ақпарат көпшілікті жаңылыстырған. Видео астына жүздеген адам көңіл айтып, отбасыға сабыр тілеген.
Алайда шын мәнінде бұл ақпараттың расталмағаны және жалған екені белгілі болды.
Бұл Уәлибек Әбдірайымовтың атына қатысты тараған алғашқы жалған өлім хабары емес. 2025 жылы әлеуметтік желіде сатириктің өзінің де жол апатынан қайтыс болғаны туралы жалған ақпарат тараған. Кейін өнер иесі өзі эфирге шығып, аман-есен екенін әзілмен жеткізген.
«Мұндай дүниемен әзілдеуге болмайды»
Бұл жолғы жағдай желі қолданушыларының ашуын туғызды.
Көпшілік бірден көңіл айтқанымен, ақпараттың жалған екені белгілі болған соң пікірлердің бағыты өзгерген. Кей қолданушылар адам өлімі туралы хабарды қаралым жинау үшін пайдалануды әдепсіздік деп атады.
Бірі:
«Тірі адамды өлді деп жариялау деген не сұмдық?»
десе, тағы бірі:
«Көңіл айтуға асықтық, кейін жалған екенін білдік. Мұндай ақпаратты кім болса сол тарата бермеуі керек», – деген мазмұнда пікір білдірген.
Бұл жағдай тағы бір мәселені көрсетіп отыр: әлеуметтік желіде қаралым мен реакция үшін адам өлімі секілді аса сезімтал тақырыптардың өзі жалған контентке айналып барады.
Жалған ақпараттың қауіптілігі тек аудиторияны адастыруда емес. Мұндай хабар ең алдымен сол адамның өзіне, отбасына, балалары мен жақындарына ауыр психологиялық соққы болуы мүмкін.
Сондықтан танымал адамның өлімі туралы ақпарат тарағанда ең әуелі оның ресми парақшасы, отбасы немесе сенімді ақпарат құралдары арқылы тексеру маңызды.
