Бірнеше уақыттан бері мұғалімдер арасында наразылық тудырып келген мектептің сынып бөлмесіне бақылау камерасын орнату мәселесіне қатысты енді ресми Оқу ағарту министрлігіне шағым жолданды деп жазады Democrat.kz.
Естеріңізге салып өтейік, Шымкент қаласында бастау алған мектептің сынып бөлмелеріне бақылау камерасын орнату мәселесі басталғалы аз болмады. Қазіргі кезде шымкенттік мектептердің кабинеттеріне жаппай камера орнату жұмысы қарқынды жүріп бастапты.
"Шаш алудың орнына бас алудың" шебері саналатын кей басшылар аталмыш камераларды киім ауыстыратын бөлме мен тіпті әжетханаларға дейін орнатып тастаған жағдайлар да кездескен еді.
Экс министр Ғани Бейсембаевтың тұсында бұл туралы Democrat.kz. сайты бірнеше рет мақала жазып, дабыл қаққан болатын. Өкінішке қарай, селт етіп, назар аударған ешкім болмаған.
Енді міне, дәл қазіргі кезде мұғалім мен оқушының төбесінен төндіріп, камера орнату науқаны қарқын алуда. Осыған байланысты белсенді педагог Сәния Нүсіпәлі Оқу ағарту министрлігіне ресми шағым жолдап, сұрау салды.
"ҚР Оқу-ағарту министрлігіне:
“РЕСМИ ШАҒЫМ”
Қазақстан Республикасының
Оқу-ағарту министрі: Жұлдыз Досбергенқызына:
ШАҒЫМ МӘНІ
Мен, төменде қол қоюшы, соңғы уақытта білім беру ұйымдарында мұғалімдердің сабақ өтетін кабинеттеріне бейнебақылау камераларын орнату және олар арқылы педагогтердің қызметін “тәулік бойы (24/7) бақылау” тәжірибесінің кеңейіп бара жатқанына байланысты алаңдаушылық білдіремін.
Атап айтқанда, әлеуметтік желілерде және бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған материалдарда бейнекамералардың мұғалімдерді бақылау, бағалау және тәртіптік ықпал ету құралы ретінде қолданылуы айтылуда. Мен жұмыс істейітін мектепте камера 24/7 оқу кобинеттерінде жұмыс істеп тұр.Бұл жағдай педагогтердің “еңбек құқықтарының”, “жеке өміріне қол сұқпаушылық қағидаттарының” бұзылуына алып келуі ықтимал.
ҚҰҚЫҚТЫҚ НЕГІЗДЕМЕ
1. “ҚР Конституциясының 18-бабына”сәйкес, әркімнің жеке өміріне қол сұғылмауына құқығы бар.
2. “ҚР Еңбек кодексіне” сәйкес, қызметкерге бақылау жүргізу тек заңды мақсатта, шектеулі көлемде және еңбек шартында нақты көрсетілген жағдайда ғана мүмкін.
3. “Дербес деректер және оларды қорғау туралы» ҚР Заңына” сәйкес, адамның бейнесі мен даусы дербес деректер болып табылады және оларды жинау, өңдеу қызметкердің келісімінсіз заңсыз болып саналады.
4. Камералар білім беру сапасын бағалаудың немесе педагогтердің кәсіби қызметін бақылаудың құралы ретінде заңнамада көзделмеген.
ОСЫҒАН БАЙЛАНЫСТЫ СІЗДЕН:
1. Мұғалімдердің сабақ өтетін кабинеттерінде бейнебақылау камераларын “24/7 режимінде қолданудың заңдылығына ресми құқықтық түсіндірме беруді”;
2. Бейнебақылау жүйелерін педагогтерге қатысты “бақылау және жазалау құралы ретінде қолдануға тыйым салатын нақты нормативтік түсініктеме немесе нұсқаулық беруді”
3. Білім беру ұйымдарына педагогтердің еңбек құқықтарын бұзуға жол бермеу жөнінде “ресми түсіндірме хат жолдауды”
4. Егер мұндай тәжірибе заңсыз деп танылса, жергілікті атқарушы органдар мен білім бөлімдеріне “тиісті шаралар қолдануды” сұраймын.
Осы шағым “Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы” ҚР Заңына сәйкес қаралып, белгіленген мерзімде жазбаша жауап берілуін сұраймын"деп жазылған ресми шағымда.
Қазіргі кезде бұл шағым хатты әлеуметтік желіде қызу қолдап, қол қоятынын айтып жатқан ұстаз аз емес. Ең бастысы, министр Жұлдыз Сүлейменова бұған не айтар екен, бәрінен де сол маңызды.