Төмен баға қойған мұғалімді оқушының шешесі мен әпкесі тілдеп, ауыр сөздер айтқан

Төмен баға қойған мұғалімді оқушының шешесі мен әпкесі тілдеп, ауыр сөздер айтқан

Елімізде дәл қазір ІІІ тоқсан бағалары қорытылып, мектептерде қарбалас жұмыс жүруде. Әйтсе де, әр тоқсан соңында болатын келеңсіз оқиғалар бұл жолы да жалғасын табуда деп жазады Democrat.kz.

Threads әлеуметтік желісінде оқушының бағасына қатысты шыққан дау туралы жазба педагогтар арасында қызу талқыға түсті. Эльвира Утембаева атты мұғалім тоқсандық бағасы төмен болғаны үшін оқушының ата -анасы мен туыстарынан жәбір көргенін айтады. 

"Бүгін жұмыстан үйге әдеттегі күндерден әлдеқайда қатты шаршап келдім. Үшінші тоқсанның соңы. БЖБ, ТЖБ алып, тексеріп, қорытынды бағаларды шығарып жатқан кез.

Мұғалім үшін ең жауапты, ең ауыр кезеңдердің бірі.Бір оқушы қорытынды бағасын көрген соң WhatsApp арқылы жазып, бағасының дұрыс қойылмағанын айтып, жекеме өтіп, көңіліме тиетін сөздер айтты.

Онымен тоқтамай, кешкі уақытта анасы телефон шалды. Артынша әпкесі хабарласып, түрлі айыптаулар айтты", деген Эльвира Утембаева ренішін жасырмады. 

"Шынымды айтсам, қатты шаршағаным сонша, үйге келіп аузымды ашып үлгерместен жатып ұйықтап кетіппін. Қазір түннің бір уағында оянып, терең ойдың үстінде отырмын.

Кейде қазіргі оқушылар бұрынғыдай оқуға құлшынысты емес сияқты көрінеді. Есте сақтау қабілеті әлсірегендей, болашақты ойлау азайғандай, жауапкершілік те бұрынғыдай сезілмейді.

Үй тапсырмасын орындамайды, орындаса да жасанды интеллекттің көмегімен жазып, көшіріп келеді. «Оқыңдар» десең, қарсы сөз айтып жатады. Бірақ бәрі де жақсы баға алғысы келеді.

Ал тоқсан соңында ата-аналар хабарласып, «директорға шығамыз», «жұмыстан шығартамыз», «сотқа береміз» деп қорқытады.

«Сіз оқушыны қызықтыра алмағансыз, дұрыс түсіндіре алмайсыз, методикаңыз дұрыс емес» деген сөздер айтылады.

Кейде ең өкініштісі — оқымайтын, өтірік айтатын, қосымша ізденбейтін, пысықтау жұмысын жасамайтын баласының сөзін сөйлеп, мұғалімді тыңдамай, қорқытып-үркітіп, жекеге өтіп, барынша баласын қорғап шығатын ата-аналарды көргенде ойланасың. Тіпті кейбірі: «Балам физиканы жек көреді, өз-өзіне бірдеңе жасап қоймасын десеңіз, бес шығарып беріңіз» деп те қорқытып жатады.

Осындай сөздерді естігенде мұғалімнің де жүрегі бар екенін, оның да жауапкершілік арқалап жүргенін бір сәт ойлай ма екен деп қаласың.

Егер мен дұрыс түсіндіре алмасам, қызықтыра алмасам, сыныптағы қаншама оқушы қалайша төрт пен бес алып жүр?

Кейде оқушының өзі де: «Білімі жетпесе де, бес шығарыңызшы» деп келеді, не жазады. «Көшірдің» десем, «мен ғана емес, барлығы көшірді» деп жауап береді. Әр тоқсанның соңғы аптасы мен үшін өте қиын өтеді. Шынымды айтсам, 15 жылдық ұстаздық жолымнан кеткім келетін ойлар да мазалайды. Өзіме сырттай қарасам, жүйкесі шаршаған, шашының жартысы ағарған, өз бала-шағасының сабағына, тәрбиесіне толық көңіл бөлуге уақыты жетпейтін шаршаған өзімді көремін.

Біз кейде өз бала-шағамызға уақыт бөле алмай жүріп, өзгенің баласының болашағы үшін күні-түні еңбектенеміз.

Сабаққа дайындаламыз, дәптер тексереміз, түсіндіреміз, үйретеміз. Біздің де шаршайтынымызды, біздің де жүрегімізге сөз бататынын кейде ұмытып кететіндей.

Қазіргі оқушы да, ата-ана да агрессивті болып бара жатқандай көрінеді. Мұғалімге деген құрмет азайғандай сезіледі.

Жұмыстан шығып кетейін десем, бүкіл өмірімді осы салаға арнап келемін. Алғашқы ұстаздық жолдарымда өте белсенді едім.

Әр жұмысқа жауапкершілікпен қарап, барлық бала білімді болса екен деп жан-тәнімді салып, күндіз-түні ұйықтамай неше түрлі тапсырма дайындап жүретін Эльвира болатынмын.

Ал қазір… әр оқушының қарым-қатынасы, ата-аналардың сөздері мен әрекеттері, құрметтің азаюы, оқушылардың зейіндерінің және жауапкершіліктерінің төмендеуі — мұның бәрі менің де бұрынғы белсенділігімді біртіндеп төмендетіп жатқандай. Бірақ басқа қандай жұмыс істей аламын? Квартирам, қарыз-кредиттерім бар. Бала-шағамды қалай асыраймын деген ой тағы бар.

Сондықтан бүгін түнде өз-өзіме бір ғана сұрақ қойып отырмын: Біз шынымен балалардың болашағы үшін еңбек етіп жүрген мұғалімдерді түсінетін қоғамда өмір сүріп жатырмыз ба және мен осы жұмысты ары қарай жалғастыруым керек пе?"деп сауал тастады педагог. 

Өзге мұғалімдер де бұл жазбаға қатысты әріптестерін қолдап, баласының сабағын қадағалауды білмейтін, бірақ бағасын түзетуді түрлі жолмен меңгерген ата- аналардың аз емесін айтуда.  

 

Барлық жаңалықтар