Ұлытау облысында «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС кәсіпорындарында байлықты қолды қылған ұйымдасқан қылмыстық топтарды (ҰҚТ) жою бойынша ауқымды операция өтті. ҚР Ішкі істер министрлігі қылмыскерлердің қала құраушы ірі кәсіпорынды тонау үшін көп деңгейлі схемаларды қалай құрғаны туралы мәліметтермен бөлісті, деп жазады democrat.kz сайты liter.kz ке сілтеп.
ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыстың айтуынша, құқық қорғаушылардың қатаң шаралары өз нәтижесін беріп, қазірдің өзінде келтірілген шығынның 94,5 пайызы өндірілген.
Ең атышулы істердің бірі – жергілікті криминалитеттің тікелей қамқорлығымен әрекет еткен қылмыстық топтың құрықталуы. Қылмыскерлер құрамында бағалы металдардың үлесі жоғары кен қорытпаларын ұрлаудың үздіксіз схемасын жолға қойған. Бұл ҰҚТ мүшелері қазірдің өзінде сот алдында жауап беріп, тиісті жазаларын алғаны хабарланды.
Ұрлықтың ауқымы таңғалдырады: тек биылғы жылдың басынан бері полицейлер кәсіпорынға орасан зор материалдық нұқсан келтірген төрт ірі ұрлықтың жолын кескен.
Көлеңкелі схемаларға кезекті соққы 7 мамырда жасалды. Мемлекеттік күзет қызметімен (МКҚ) бірлесе отырып, жедел уәкілдер жанар-жағармай материалдарын ұрлау және оны заңсыз сатумен айналысқан желіні әшкереледі.
Тінту және ұстау шаралары барысында күдіктілерден қомақты арсенал тәркіленді:
-
1 тоннадан астам ұрланған жанармай;
-
Ірі көлемдегі қолма-қол ақша;
-
Көлеңкелі тасымалға қолданылған көлік құралдары;
-
Атыс қаруы мен оқ-дәрілер.
«Тергеу барысында ұрлық арнайы техникаға жалған жанармай құю және құжаттарды қолдан жасау арқылы жүзеге асырылғаны анықталды. Сонымен қатар, күзет құрылымдарының жекелеген қызметкерлері тарапынан жәрдемдесу фактілері әшкереленді», — деп түсіндірді Қуандық Алпыс.
Қазіргі уақытта жедел-тергеу тобы кәсіпорынның қаржы-шаруашылық құжаттамасына мұқият аудит жүргізуде. Тергеушілердің алдын ала бағалауы бойынша, «Қазақмысқа» келтірілген шығынның соңғы сомасы аса ірі мөлшер ретінде саралануы мүмкін. Аталған фактілер бойынша тергеу амалдары жалғасуда.