Президент сала мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтап, осыдан бес жыл бұрын, ел ішінде ауқымды өзгерістер қолға алынып жатқан тарихи кезеңде құрылған Қаржылық мониторинг агенттігі өзіне жүктелген жауапкершілік пен міндетті абыроймен орындап келе жатқанына назар аударды деп жазады Democrat.kz.
– Жалпы, осындай қысқа мерзім ішінде көп жұмыс істелді, біраз тәжірибе жинақталды. Бүгінде Қаржылық мониторинг агенттігі еліміздің экономикалық және ұлттық қауіпсіздік жүйесінде маңызды рөл атқаратын дербес құрылымға айналды. Мұны табанды еңбек пен адал қызметтің нәтижесі деуге болады. Агенттік қызметкерлеріне ризашылығымды білдіремін. Бірақ босаңсуға болмайды. Себебі алдымызда биік мақсаттар мен ауқымды жұмыс бар. Әсіресе, қазір өте қарқынды дамып жатқан цифрлық технология мен жасанды интеллект дәуірінде жұмысқа түбегейлі жаңа көзқараспен қарау міндеті тұр. Бұл мәселе туралы «Turkistan» газетіне берген сұхбатымда және Ұлттық құрылтай отырысында анық айттым, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оған қоса, Президент қаржыны криптовалютаға айналдырып, шетелге шығару жағдайлары да азаймай тұрғанын да атап өтті.
– Біз елімізді дамытуға арналған қаражатты тиімді жұмсаудың амалын іздеп қиналамыз. Бірақ соған қарамастан әлеуметтік салаға бөлінген триллиондаған теңге қаржыны жымқыратын алаяқтар бар, тіпті, аз емес деп айтуға болады. Бұл – мүлде ақылға сыймайтын жағдай. Мұндай кеселді түп-тамырымен жою керек. Қаржыны криптовалютаға айналдырып, шетелге шығару жағдайлары да азаймай тұр, ондай заңсыздыққа тосқауыл қою қажет. Мұндай теріс ахуал экономикаға орасан зор зардабын тигізуде. Түптеп келгенде, көлеңкелі экономикамен үзілді-кесілді күресу керек. Бұл да – өте өзекті, аса маңызды міндет. Қаржылық мониторинг қызметінің алдында тұрған міндет белгілі: бұл – мемлекет қаржысының тек қана ел игілігіне жұмсалуын қадағалау. Осы маңызды міндеттің сапалы іске асуы сіздердің қызметтеріңізге тікелей байланысты, – деді Мемлекет басшысы.
